Туған күніңізге деп аударған ақшадан салық ұсталына ма?

Ербол Тұрымбет

Мобильді аударымдар мен төлемдерді қалай ажыратуға болады

Фото: Halyq Uni

Жуырда Сенат депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін заң қабылдады. Бұл құжат кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін салық төлеуге міндеттейді. Осы заңға қатысты қоғамда түсінбеушілік көбейді. Мобильді аударымдар мен төлемдерді қалай ажыратуға болады? Туған күніңізге деп аударған ақшадан салық ұсталына ма? Осы және басқа да қоғамда ең жиі қойылатын 5 сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді. 

Сұрақ: 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап барлық мобильді аударымдарға салық салына ма?

Жауап: Жоқ, жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдар салық салуға және тексеруге жатпайды. Енгізілген өзгерістер декларацияда заңды айналымды көрсетпей, мобильді аударымдар арқылы төлем ретінде ақша қабылдайтын кәсіпкерлерге қатысты.

Сұрақ: Егер әріптестерімнен, мектептегі ата-аналардан туған күнге аударым арқылы ақша алсам, бұл үшін салық алынады ма?

Жауап: Жоқ, жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Бұл ретте жеке тұлғалар туралы мәліметтерді 2025 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарына беру жоспарлануда. Сондай-ақ, бір тұлғаның күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 80-100 адамнан бірнеше рет аударымдарды алуы кәсіпкерлік қызметті анықтау критерийлерінің бірі болып табылады.

Сұрақ: Мен жеке кәсіпкермін, енді мобильді төлемдерінен түскен түсімдер үшін де салық төлеуім керек пе? Бұл екі рет салынған салық қой?!

Жауап: Жоқ, салық екі рет салынбайды, мобильді төлемдер жаңа салық түрі емес және қосымша салық ауыртпалығын көтермейді. Жеке кәсіпкерлер өздерінің заңды айналымын көрсетуі керек. Сонымен қатар, салық демалыстары 2023 жылға дейін күшінде екенін хабарлаймыз, онда шағын бизнес салық төлеуден босатылады.

Сұрақ: Салық органы 2022 жылдан бастап жеке тұлғалар туралы барлық ақпаратты банктен ала ма?

Жауап: Жоқ, жеке тұлғалар туралы ақпаратты тек 2025 жылдан бастап, жалпыға бірдей декларацияға сәйкес, екінші деңгейлі банктер береді деп жоспарланып отыр.

Сұрақ: Жаңа жылдан бастап азаматтар мобильді аударымдар мен қолма-қол ақша төлемдерінің есебін жүргізуі керек пе?

Жауап: Жоқ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде қолма-қол ақшасыз төлемдер мобильді төлемдер арқылы қабылданады (мобильді аударымдар арқылы емес). Осылайша, мобильді төлемдерге қаражат кәсіпкердің арнайы шотына түседі. Декларацияда жалпы айналымды көрсету қажет: оның ішінде алынған қолма-қол ақша мен қолма-қолсыз ақша айналымы бар.

Қаржы министрлігі мобильді аударымдар туралы заң жобасына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Яғни, жеке аударымдарға салық салынбайды. Ал жеке кәсіпкерлер қабылданған мораторий аясында 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылады.

Ал, жеке тұлғалар туралы ақпаратты тек 2025 жылдан бастап, жалпыға бірдей декларацияға сәйкес, екінші деңгейлі банктер береді деп жоспарланып отыр.