Автосалон қызметкерлері алматылықтарды қосымша жабдықтар сатып алуға мәжбүрлеген
Бұл әрекет «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң нормаларына қайшы
Алматыда автосалондар тұтынушыларды қосымша жабдықтар сатып алуға мәжбүрлеген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Ведомство автодилерлердің мұндай әрекеті «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң нормаларына қайшы келетінін мәлімдеді.
Ақпараттық іс-шаралар барысында сатушының жасалған шартқа тұтынушының құқықтарын бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеу керектігі түсіндірілген.
Сатушы өзінің жұмыс режимін ескере отырып, тұтынушыға қолайлы уақытта тиісті сапалы тауарды еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті.
Тұтынушыны тауарды қажетсіз мөлшерде және ассортимент сатып алуға мәжбүрлеуге және басқа тауарларды міндетті түрде сатып алуға негіздеуге тыйым салынады», - деп хабарлады ведомство.