Бұл салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған
Бүгіннен бастап қаржы министрінің тиісті бұйрығы күшіне енді.
Бір жеке тұлғаның (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған) банк шотына үш айдың ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғаның банк шотынан ақша аударылса, бұл кәсіпкерлік қызметтен пайда табу болып есептеледі, – делінген құжатта.
Тиісті шара Қазақстан заңнамасы нормаларын сақтауға әрі салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған.
Салық заңнамасына сәйкес, мобильді аударымдарды пайдалануға қатысты енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың жеке аударымдарын кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асырылатын мобильді төлемдерден бөлуге арналған. Жеке аударымдарға салық салынбайды.
Өткен жылғы қарашада сенатта мобильді аударымға қатысты арнайы заң қаралды.
Жиында сенатор: «Пандемия кезінде сауда мен қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды барлық жерде пайдалана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында: «мобильді төлемдер» түсінігін анықтау, мобильдік төлемдер арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысулар кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу, банктерді мемлекеттік кірістер органдарына тиісті мәліметтерді беру ұсынылады», - деді.