Қазақстандықтар мүлік пен көліктің 29,1 млрд теңгедей салығын төлемеген
Енді жеке сот орындаушылар борышкерден берешегінің 25%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы өндіріп алады
Елімізде 1 миллионнан аса адамның мүлік пен көлік салығы бойынша жалпы сомасы 29,1 миллиард теңге болатын қарызы бар. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, оның 27,9 млрд теңгесі – көлік салығы.
26 мамырдан бастап берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын борышкерлердің тізімі өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға жіберілетін болады. Заңнамаға сәйкес, жеке сот орындаушылар банктік шоттар және мүлікке тыйым салуға құқылы. Сондай-ақ берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан кезінде борышкерге Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынуы мүмкін, - делінген комитет хабарламасында.
Сондай-ақ жеке сот орындаушылар борышкерден берешек сомасынан бөлек, сол қарыздың 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша ақы өндіріп алады.
Салық бойынша берешектің бар-жоғын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан тексеруге болады.