Ол да қоғамдағы қымбатшылықпен салыстырғанда түкке жетпейді, - дейді маман
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысушыларға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері көтеріліп, енді 345 мың теңге болады. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Бүгінде бағдарламаға қатысушыларға берілетін жәрдемақы мөлшері – 241 500 теңге. Одан бөлек, 1500 АЕК мөлшерінде 0,01 пайызбен 15 жыл мерзімге тұрғын үйді сатып алуға немесе құрылыс жүргізуге тағы несиелік қолдау көрсетіледі. Ал әлеуметтік көмекті дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт саласының түлектері, ауыл шаруашылығы мамандығын аяқтаған азаматтар ала алады. Дегенмен бұл бағдарламаға қызығушылық аса жоғары емес.
Осы орайда экономист Әнуар Нұртазин 14 жылдан бері жұмыс істеп тұрған бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтты. Өйткені қарастырылған қаражат мөлшері қоғамдағы қымбатшылықпен салыстырғанда түкке жетпейді.
«240 мың мен 345 мың теңгенің айырмашылығы – 40 пайыз. Бірақ инфляция шеңберінде талдау жасасаңыз, бұл ақшаның бірдеңеге жететініне күмәнім бар», - дейді ол.
Айта кетейік, бағдарламаның бір жолғы жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жобасы 22 мамырға дейін ашық талқылауда болады. Экономика министрлігі құжат қабылданса, қаражат тек келер жылдан бастап көтерілетінін ескертті.