Halyq Uni логотип
×

«Қазақстан халқына» қоры екі науқас баланың шетелде емделуіне көмектесті

Кішкентай қазақстандықтардың өмірін сақтап қалу үшін қордан 52 млн теңге бөлінді

 Қымбат Елтайқызы 15.04.2022 | 09:40
«Қазақстан халқына» қоры екі науқас баланың шетелде емделуіне көмектесті
фото: Қазақстан халқына

«Қазақстан халқына» қоры екі балаға шетелде емделу үшін қайырымдылық көмек көрсетті.

Қор кішкентай Мұсаның Оңтүстік Кореяға медициналық авиатасымалдау ақысын төлеп берді. Балақайдың «туа біткен жүрек ақауының өте ауыр түрі» диагнозы бар. Енді алты айлық Мұса Сұлташев ата-анасымен бірге Атырау облысынан Кореяның Сеул қаласындағы INCHEON SEJONG HOSPITAL медициналық мекемесіне тікелей арнайы рейспен аттанды.

Ұшақпен сапар 12 сағатқа созылды. Оңай болған жоқ. Бірақ біздің кішкентай батыр шыдамды болды. Енді емді бастаймыз, - деді баланың әкесі Жалғас Сұлташев «Қазақстан халқына» қорына алғысын білдіре отырып.

Айта кетейік, кішкентай Мұсаның шетелде емделу ақысын қайырымдылық ұйымдардың бірі толығымен өтеп, баланың ата-анасы «Қазақстан халқына» қорына медициналық транспорттау ақысын төлеуге өтініш білдірген.

«Сондай-ақ қорға Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғынынан Мәскеу қаласындағы РФ денсаулық сақтау министрлігі академик В.И.Кулаков атындағы «Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық ғылыми орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесі емханасына хирургиялық емдеудің екінші курсын өтуді төлеп беруге қатысты өтініш түсті. Құзыретті органның медициналық қорытындысын зерделеген сараптамалық комиссия ұсынымы бойынша қор науқастың 2-ші емдеу курсын төлеу туралы шешім қабылдады. Қазір қыз бала ата-анасымен бірге ауыр ота жасату үшін сапарға дайындалып жатыр», – делінген ақпаратта.

Кішкентай қазақстандықтардың өмірін сақтап қалу үшін қордан 52 миллион теңге бөлінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама