Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаржының жартысы тендерсіз беріліп келеді – зерттеу
Сарапшылар Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңға өнгеріс енгізетін уақыт жеткенін айтты
2021 жылы Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландыруға 12,6 млрд теңге бөлінді. Оның 7,1 млрды тендерсіз, тікелей келісімшарт жасау жолымен жұмсалған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Zertteu Research Institute бен Сорос қорының Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыруға жасаған зерттеуі еліміздегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржының жартысынан көбі тендерсіз берілетінін көрсетті.
Зерттеу мемлекеттік сатып алуды бақылау мен талдау орталығының арнайы платформасында орналасқан мемлекеттік сатып алу порталының жүйеленген мәліметтері негізінде жүргізілген. Қордың мәліметіне сәйкес, Қазақстанда соңғы бес жылда МӘТ бөлген қаржының жалпы көлемі 50 млрд теңгеден асады. Мәселен, 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыруға 12,6 млрд теңге бөлінген. Оның 7,1 млрды тендерсіз, тікелей келісімшарт жасау жолымен жұмсалса, қалған 5,5 млрд теңгеге 1312 жоба жүзеге асырылды.
«Қазақстан бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өнім беруші 500 ҮЕҰ бар. Ал ҮЕҰ мәліметтер базасында ықтимал қатысушылар саны 10 мың ұйым. Бір ұйым 114 жоба жасаған жағдайлар кездесті. Яғни, МӘТ қазіргі жүйесі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасауға үкіметтік емес ұйымдардың барынша көп қатысуына мүмкіндік бермейді», - деп есептейді Zertteu Research Institute эксперті Алтынай Нуркеева.
Зерттеу мемлекеттік сатып алуға арналған ресми портал мәліметтері негізінде жасалған. Ол 2021 жылғы МӘТ-ті жүзеге асыруды қалыптастыру мен жүзеге асырылуына дейінгі барлық кезеңін түгел қамтиды.
Сорос қорының басқарма төрағасы Аида Айдарқұлованың пікірінше, МӘТ барлық бәсекеге қабілетті ҮЕҰ үшін қолжетімді болуы керек.
«Біз МӘТ барлық бәсекеге қабілетті ҮЕҰ үшін қолжетімді болуы керек деп ойлаймыз. Тапсырысты үлестіру процессі ашық болуы керек. Сондай-ақ МӘТ тақырыбын кеңейтуге әлеует жеткілікті. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қаржыны басқару заңының тұжырымдамасын әзірледі. Осы орайда МӘТ тақырыбын кеңейту бюджет ашықтығын, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың мониторингі мен ашықтығын енгізу керек, себебі бұл мәселеде қоғамдық бақылау болуға тиіс. Сондықтан біз МӘТ Қаржы министрлігі, ҰЭМ бөлуі керек деп есептейміз. Біздің қор жергілікті бюджттің ашықтығы индексін зерттеуге 5 рет қаржы бөлді. Енді бұл бастаманы мемлекеттік органдардың тарапынан қолдау керек деп есептейміз», - деді ол.
Қазақстанның азаматтық альянсының басшысы Бану Нұрғазинованың пікірінше, алдымен саладағы заңға өзгеріс енгізу керек.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бұл мемлекеттің қолындағы құрал. 2005 жылы қабылданған заңға бүгінде өзгерістер енгізу қажет болып отыр. Осы аралықта бірталай өзгерістер болды. 2005 жылы Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңды қабылдағанда, оның мемлекет пен үкіметтік емес сектордың арасын байланыстыратын нақты құрал екені айтылды. Бүгінде көптеген проблема бар, үлкен өзгерістерді қажет етеді», - деді ол.
Бұған қоса Азаматтық альянс басшысы елімізде ұйымдарға берілетін гранттар бойынша да зерттеу жүргізу керектігін айтты. Грант тұрғысында қаржыландырудың тәжірибеге енгізілгеніне көп болмаса да, бірқатар проблема бар екен.
«Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар туралы заң қабылдау керек. Азаматтық қоғамның барлық институттары – саяси партиялар, діни бірлестіктер, БАҚ, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы заңмен реттеледі. Ал қалғанын үкіметтік емес ұйымдарға қосып жіберді. ҮЕҰ халықтың жекелеген санатымен, оның ішінде әлеуметтік осал топпен жұмыс істейді. Кез келген бейүкіметтік ұйым нақты категориямен іс жүзінде волонтер ретінде жұмыс істейді. ҮЕҰ мемлекеттен қаржы берілмесе де, демеуші тауып, кейде халықаралық қорлардан алып, өз бетімен жұмыс істеп жатыр. Мемлекет қыруар қаржы бөліп жатса, бірінші кезекте тиімділігін бақылау керек», - деп қосты Нұрғазинова.
Бұған қоса, сарапшылар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптары жиі қайталанатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік органдар жобаны жоспарлау, бағалауға қатысты қателіктер жіберетіні айтылды.
«Қазір заң мен механизмдер бар. Бірақ ол механизмдер жұмыс істеп жатқан жоқ. 2018 жылы ҮЕҰ қатысуымен заң әзірлеп, ережесін енгіздік. Іс жүзінде оның көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Біріншіден, кінә меморгандардың өзінде. МӘТ тақырыбын көпшілікпен талқылау, талдау жасау керек деген талап бар. Іс жүзінде ол жоқ. Болса да шағын құрамда өтеді. Сондықтан меморгандар бұл бағыттағы жұмыс тәсілін өзгертуі керек. Екіншіден, мониторинг пен бағалау бар сияқты, алайда іс жүзінде жұмыс істемейтін тұстары бар», - дейді Азаматтық қоғам істері көмитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова.
Оның айтуынша, жылдар бойы конкурсқа қатысу үшін ҰЕҰ қойылатын талаптарды жеңілдетіп, процедураның ашықтығын қаматамасыз ету бағытында жұмыс істелді.
«Конкурс процедурасы портал арқылы ашық өтеді. Ұзақ жылдар бойы ҮЕҰ жұмысын жеңілдету бағытында жұмыс істедік. Алайда бұл нарықта мәселені шешу үшін емес, тек ақша табуды көздейтін адамдардың көбеюіне әкелді. Сондықтан ҮЕҰ адалдық саясатын енгізу керек деп есептеймін. Процеске тұрақты араласып, заң жобаларын әзірлеуге қатысатын адал ұйымдар бар», - деп қосты Сұлтанова.
Талдау нәтижесінде Zertteu Research Institute мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландырудағы кемшіліктерді жою үшін бірқатар шараларды ұсынып отыр. Атап айтқанда бәсеке жоқ тендерлерде техникалық ерекшелік әзірлеу талаптарын қайта қарау, МӘТ сатып алудағы демпинг шегін алып тастау қажет деп есептейді. Себебі зерттеу көрсеткендей, барлық сатып алудың жартысынан астамында қызмет құнына қосылған 20% максимал демпинг қолданылады. Бұл жағдайда демпинг бағалау критерий ретінде пайдасыз болып шығады. Сондай-ақ өнім берушілерге арнап әзірленген және бейімделген форма бойынша ашық есеп беру міндетін енгізу ұсынылды. Айта кетейік, қазір МӘТ жобаларын орындау мен есеп беру туралы ақпаратты жинақтайтын бірыңғай портал немесе жүйе жоқ.
Еске сала кетейік, «Zertteu Research Institute» қоғамдық қоры 2015 жылдан бері бюджетті талдау, бақылау, бюджет процесіне қоғамдық қатысу саласында жұмыс істеп келеді. Қор мақсаты – бюджет бағдарламаларының тиімділігі мен нәтижелі болуын, сонымен бірге азаматтар мен ҮЕҰ бюджет процесіне қатыстыру, бюджет ашықтығы мен мемлекеттік басқару органдарының есептілігін, азаматтардың қатысуын арттыру арқылы азаматтар тұрмысын жақсарту.