Halyq Uni логотип
×

Үйірмелер қойма мен паркингте өткен: Астанада тіркелмеген 10 мың бала «Арт спорт» бағдарламасына қатысқан

Жалпы «Арт спорт» бағдарламасына 3,9 млрд теңге бөлінген

 Айнұр Шошаева 28.04.2023 | 09:17
Үйірмелер қойма мен паркингте өткен: Астанада тіркелмеген 10 мың бала «Арт спорт» бағдарламасына қатысқан
Коллаж: Halyq Uni

Астанада 2021 жылдың қаңтарынан бастап 2022 жылдың қыркүйегіне дейін «Арт спорт» бағдарламасына  3 891 052,0 мың теңге бөлінген, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын жариялады. Жалпы «Арт спорт» бағдарламасына 3,9 млрд теңге бөлінген, оның шығармашылық үйірмелерге 1,8 млрд теңге, спорттық секцияларға 2,1 млрд теңге жұмсалды. 

Тексеру мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды, бюджеттік тәртіп  процесстерін реттейтін заңнаманың бірқатар бұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, қалалық мәдениет және спорт басқармалары жалпы сомасы 10,7 млрд теңгеге бюджеттік өтінімдерде қамтылған есептеулерге ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Бұдан аудит шығыстарды тиімсіз жоспарлады деген ұйғарымға келді.  

Сондай-ақ бюджеттік өтінімді есептеуде жоспарланған үйірмелердің түрлері  бойынша нақтылық, сондай-ақ үйірмелердің қажеттілігі бойынша есеп жоқ, 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың қамтылуының  жалпы саны  белгісіз. 

Операторларға арналған платформада балалар арасында кезекті бөлу жөніндегі ақпараттық жүйенің қызметі 2023 жылдың наурызына дейін қол жетімсіз болған. Сондай-ақ, порталдың кемшіліктеріне 2 бөлек балаға және одан көп балаға 1 ваучер беру фактілерінің орын алды, Екі басқарма бойынша мұндай фактілердің саны 1 132 құрады. Бұл бұзушылықтар операторға бюджет қаражатына нақты қажеттілікті анықтауға, сондай-ақ   келешекте  қажетті бюджеттік қаражатты болжауға мүмкіндік бермейді. 2021 жылдың мамыр айынан бастап «artsport.edu.kz» платформасының жұмысына қарамастан операторлар мен платформа иесі арасында платформаны пайдалану туралы шарт әлі жасалмаған, – дейді мекеме. 

Сондай-ақ платформа Денсаулық сақтау және Оқу ағарту, Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелермен интеграцияланбаған. Мәдениет және спорт басқармалары ақпараттық жүйенің серверлерінде және ақпарат тасығыштарда мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін орындау барысында жинақталған мәліметтерді сақтауды жүзеге асырмайды, сондай-ақ іркілістер болған жағдайда жұмысқа қабілеттілікті тез қалпына келтіру мүмкіндігі үшін деректердің резервтік жинақталуы жоқ болып шықты. Бұған қоса, платформада жеткізушілер мен жеке тұлғаларды тіркеу кезінде БСН мен ЖСН жоқ тұлғалардың деректерінің  түпнұсқалығы автоматты түрде тексерілмейді. Соның салдарынан платформаға елорда аумағына  кірмейтін ата-аналарды тіркелген, бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке қосымша ауыртпалық түсіреді.

«400 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ АҚШАНЫ ҚАЙТАРУ КЕРЕК»

Мемлекеттік аудит «Арт спорт» бағдарламасының қаржысын тексере келе, қомақты сомада бюджет қаражатын мақсатсыз, негізсіз және тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады. Мәселен, жеткізушілер Астана қаласының  аумағына кірмейтін (елордада тіркелмеген) балалардың 10 812,0 ваучерін белсендіруге жол берген. Тексеру комиссиясы мұны бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және қала бюджетінің  экономикалық шығындарына әкеп соқты деп есептейді. 

Астана қаласында мектеп алдындағы және мектеп жасындағы 441 бала (мәдениет бағыты бойынша) және 1 173 бала (спорт бағыты бойынша) елордалық білім беру ұйымдарында тіркелмеген және Ақмола облысының Астанаға жақын аудандарында есепте жоқ. Яғни іс жүзінде ол балалар үйірмелер мен секцияларға бармады, бірақ оған жергілікті бюджеттен 406 762,7 мың теңге негізсіз жұмсалды. Бұл қаржы бюджетке қайтарылуы керек, – дейді комиссия. 

Сонымен бірге, 1 227 сабақ бойынша  үйірмелер мен секцияларға қатысудың электрондық табеліне қол қою  заңды өкілдің жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылмаған.  

«100% қатысу электрондық табелін толтыру арқылы шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландырудың ең жоғары сомасын беретінін ескерсек, онда жеткізушінің табельдерді өз бетінше толтыруға  тікелей мүдделілігін көрсетеді. Бұдан бөлек шығармашылық үйірмелерді өткізуге арналған өтінімдерде 3, 4 немесе 5 түрлі жеткізушілерден 51 оқытушы (жаттықтырушы) мәлімделді. Алайда, кейбір жеткізушілер платформада көрсетілген оқытушының құжаттары бойынша шығармашылық үйірмелердің, спорт секцияларының балаларын оқытуға басқа оқытушыға рұқсат берген. Бұл соттылықтың, біліктіліктің, ауруы жоқтығы туралы анықтама беру туралы талаптарды  бұзады», – дейді мемлекеттік орган. 

«СПОРТ СЕКЦИЯЛАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҒИМАРАТЫНДА ӨТКЕН»

Тексеру кезінде жеткізушілер секциялар мен үйірмелерді өткізу үшін ғимараттың басым бөлігін жалға алғаны анықталды. Арендалық үй-жайлар санитарлық эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмейді, одан қалса бейнебақылау камералары болмай шықты. 

Шығармашылық үйірмелер, спорт секциялары тұрғын үй кешендерінде, бизнес-орталықтардың ғимараттарында, техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратында, «қоймаларды пайдалану, қоймаларға қызмет көрсету үшін аумақты кеңейту үшін»  нысаналы мақсаты бар ғимараттарда, паркингтің тұрақ аймағы базасында, мемлекетттік мектеп ғимаратының  жертөле  үй-жайларында орналастырылған. Ал реттеуші құжаттарда шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын өткізу үшін білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының объектілері мен құрылыстарының инфрақұрылымы көзделген, – дейді комиссияда. 

Тағы бір анықталған олқылық жекелеген жеткізушілер платформадан оқытушылар, балалар бойынша ақпаратты алып тастаған. Сонымен бірге оқу бағдарламалары мен шығармашылық үйірмелерді өткізу кестелері бойынша толыққанды ақпарат табылмады. Балалардың секцияға ата-аналарымен шарт жасамай қабылдануы да күмән тудырды. 

«Қызмет көрсетушілер тарапынан жергілікті бюджет кірісіне мына жағдайларда: сәйкес келмейтін жастағы балалар үшін төленген кездегі; рұқсаттама берген балалар бойынша көрсетілмеген қызметтер үшін ақшалай қаражат қайтарылған; балаларға бару деректерінің педагогтер мен әкімші жасаған балалардың сабақтарға нақты бару табельдері мен платформада орналастырылған сабақтарға қатысуды есепке алу табельдері арасында алшақтық; тексерілмеген сабақтар үшін өтелген», - деп толықтырды комиссияда. 

Сондай-ақ, тексеріс кезінде мектептердің үй-жайларды (спорт залдары, сыныптар, жертөлелер) өтеусіз негізде немесе 18-ден астам мектепте төмендетілген бағамен берілгені әшкереленді. Жалпы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша өтелуге тиіс жалпы сомасы 473,7 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Келтірілген шығын 2,9 млн теңгеге бағаланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама