Үкімет жемқорлардан алынған қаражатқа 72 мектеп салады

Дәурен Ерболат

Бүгінде олардан 122 млрд теңге тәркіленген

Фото: primeminister.kz

Үкімет жемқорлардан сот арқылы алынған қаражатты мектеп құрылысына беру тетігін бекітті, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған еді.

Жалпы мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс, - деді мемлекет басшысы.

Бүгінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түсті. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға және тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.

Осылайша, бұл механизм үш ауысымды оқыту, апатты мектептер мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосады.