Экс-министр бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізген кей өңірлер миллиардтаған қаржыны үнемдегенін айтты
Талдықорған қаласы білім бөлімінің бас есепшісінен 21 үйдің, 14 пәтердің, 7 коммерциялық нысанның құжаты және қымбат көлік, зергерлік бұйымдар анықталған. Бас бухгалтермен бірге оның орынбасары және бірнеше қызметкер қамауға алынды.
Экс-министр – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 1 млрд теңге, жол талғамайтын көлік және 14 пәтер тәркіленген Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі жайлы пікір білдірді.
Бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізгенбіз. Бұл жүйе кейбір өңірлерде енгізіліп, кей өңірлерде енгізілген жоқ. Себебі, өңірлік білім басқармалары мен білім бөлімдері министрлікке емес, жергілікті әкімдіктерге бағынады. Әкімдіктер қаржыландырады, тағайындайды, қызметінен алады.
Бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізген кей өңірлер миллиардтаған қаржыны үнемдеді. Әсіресе, осы жұмысты солтүстіктегі өңірлер қарқынды жүргізіп келе жатыр, - деді депутат.
Айта кетейік, Антикор Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Пара берген адамдар – бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы іс бойынша негізгі айыпталушылар және олар сот санкциясымен қамауда отыр.