Елімізде алаяқтардың арбауына түскен жұрт 3 айда 3 млрд теңгеден айырылған
Алаяқтық жасаудың ең көп тараған тәсілі – онлайн сауда
Қазақстанда биылғы 3 айдың ішінде 4 мыңнан аса интернет алаяқтық тіркелді. Бұл туралы криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, алаяқтардың құрбаны болған адамдар 3 млрд теңгеден аса шығынға батқан.
«Алаяқтық жасаудың ең көп тараған тәсілі – онлайн сауда. Ол белгілі сауда алаңдарының сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнамаларды орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтар тауарға немесе қызметке төмен баға көрсетіп, алдын ала немесе толық төлемді сұрайды. Биыл осындай 2 мыңнан аса қылмыс тіркелді», - деді орталық бастығы онлайн брифингте.
Жалпы, алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұмытпау керек.
Олар:
- тексерілген жарнама сайттарын пайдалану;
- тауарды алғаннан кейін төлем жасау;
- тауардың бар екеніне көз жеткізу.
Ал сатушы басқа қалада болса, тауарды таныстар немесе туыстар арқылы жіберуді сұрауға болады.