«Әділдік жолы» РҚБ Орал қаласындағы филиалы 6 айдағы жұмысын қорытындылады
Былтыр жыл соңында жұмысын бастаған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы ның жетекшісі Бауыржан Зәкиұлы тілшілерге қоғамдық бірлестіктің негізгі міндетін, қызметінің басты бағыттарын айтып берді.
Филиал үнемі goszakup.gov.kz порталында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін мониторинг жасау, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның сақталуын жіті қадағалап отыру нәтижесінде 14 лауазымды тұлғаға қатысты 17 әкімшілік іс қозғалған. Оларға сот және мемлекеттік аудит 4 657 189 теңге әкімшілік айыппұл салды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 207-бабы 11-бөлігі (мемлекеттік сатып алу) бойынша 6 тұлғаға қатысты 7 іс қозғалып, 1 196 000 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша 3 тұлғаға қатысты 5 іс, ӘҚБтК-нің 154-бабы (мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысуы) бойынша 4 тұлғаға іс қозғалып, нәтижесін берген.
Мәселен, Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Дауешов 8,2 млн теңгенің 6 лотын бөліп, ғимаратты жөндеуді заңсыз ұйымдастырғаны үшін 145 850 теңге айыппұл төледі.
Білім басқармасына қарасты «Дарын» ҚБО директоры Г.Дуйсенгалиеваға авторлық құқығы жоқ орындаушыдан 200 планшетті 20 млн теңгеге заңсыз сатып алғаны үшін 145 850 теңге айыппұл салынды. Орал қаласындағы №38 мектептің директоры Ш.Сағынғалиева балаларды тасымалдау үшін 1,2 млн теңгеге шартты заңсыз жасағаны үшін 145 850 теңге айыппұл арқалады. Жеке кәсіпкер «Кулдыбаев Н.Ж.» БҚО Полиция департаменті лифтілеріне рұқсатсыз қызмет көрсеткені үшін 30 629 теңге айыппұл төледі.
«Әділдік жолы» Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылының әкімі А. Лұқпановтың «Дәулетхан» атты жеке кәсіпкерлік нысанын ашып, бизнеспен айналысқанын анықтап, лауазымды тұлғаға 428 820 теңге айыппұл салынды. Дәл осындай көлемдегі айыппұлды «Нұрдәулет» ЖК ашып, бизнеспен айналысқан Покатилов мектебінің директоры М.Габдрахимов, «Әмірғали» ШҚ ашқан Жәнібек ауданындағы Т.Жароков мектебі директоры С.Кушанов, «Есболат» ШҚ ашқан Ақжайық ауданындағы О.Исаев мектебінің басшысы Н.Есбулатов та төлемек.
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы мониторинг арқылы анықтаған деректерді Антикорға және прокуратураға хат ретінде жолдап, БАҚ-қа жариялаудың арқасында алты айда бюджетке 3 078 892 теңге қайтарылған. Облыстың 7 ауданында болып, 47 адамның мәселесін шешу үшін уәкілетті органдарға хат жолдаған. Барлығы 88 тұлғаға қатысты 30 арыз түскен.
«Әділдік жолы» Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа апаратын себептер мен жағдайларды жоюға ықпал етуді көздейді. Біз халықтың құқықтық білімін арттырмен, олардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа қоғамды жұмылдыруды басты жұмысымыз деп санаймыз, - дейді Бауыржан Зәкиұлы.
Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы