×

Ақтөбе облысында білім бөлімінің басшысы жетім балалардың қаржысын жымқырған

Жауапкер ЖШС шотына 10,3 млн теңге аударған

 Еркеғали Болатұлы 23.04.2023 | 16:43
фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысында жетім балалардан негізсіз табыс тапқаны үшін білім бөлімінің басшысы сотталды, деп хабарлады Алға аудандық сотының баспасөз қызметі.

Алға аудандық соты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды (ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы), қызметтік өтірік ақпарат беру (369-баптың 1-бөлігі) және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (364-бап) айыптары бойынша У. есімді әйелге қатысты қылмыстық істі қарады, - делінген хабарламада.

Тергеу барысында анықталғандай, аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы материалдық пайда көру мақсатында оқу орталығын құрған. Одан кейін білім бөлімі мен жеке кәсіпкер арасында балаларға қосымша білім беру қызметтерін көрсетуге келісімшарт жасап, 1,2 миллион теңге алған.

«Жазғы кезеңнің соңына қарай білім бөлімі 300 жетім балаға 12 күнтізбелік күнге жазғы демалыс лагеріне жолдама алуға бөлінген 18,8 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын игеріп үлгермеуі мүмкін екенін түсініп, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, мүгедек балаларға жауапкер мемлекеттік сатып алу туралы шешім қабылдайды.

Нәтижесінде кейбір шарттар өзгертіліп, лагерьге 203 бала жіберілді. Оның ішінде 160 бала жоғарыда аталған санатқа жатпайды. Белгіленген 12 күннің орнына 7 күнтізбелік күн болған. Демалыс аяқталғаннан кейін сотталушы қызметтік алаяқтық жасауға кірісіп, ресми қаржылық құжаттарға 12 күн ішінде 300 жолдама қабылдағаны туралы көрінеу жалған ақпарат енгізген, – деді сот.

Жалпы, жауапкер ЖШС шотына 10,3 млн теңге аударған.

«Прокурор процессуалдық келісімде сотталушыға жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартумен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу түріндегі қосымша жаза тағайындалсын», – деді сот.

Сот Ақтөбе облысы білім басқармасының басшылығына қатысты жеке ұйғарым шығарды.

Әйел кінәсін мойындап, шығынды өз еркімен төледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама