×

Сәтбаевта мектеп басшылығы 1 банкі ақ бояуды 1,6 млн теңгеге сатып алмақ болған

Ұлытау облысында мемлекеттік мекемелер бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған

 Динара Амантай 19.04.2023 | 12:34
Фото: depositphotos.com

Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті шамамен 34 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол бермеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі

Антикордың мәліметінше, бұзушылықтар бірыңғай сатып алу терезесінің (бұдан әрі ЕОЗ) мәліметтерін мониторингілеу барысында анықталған.

Мәселен, Қаражал қаласы әкімінің аппараты биыл көлемі 2 мың текше сантиметрге дейінгі автоматты трансмиссиясы бар С-класты 3 қызметтік автокөлікті мемлекеттік сатып алуды жоспарлаған. Олардың әрқайсысы үшін 26 млн 660 мың, 19 млн 800 мың және 18 млн 900 мың теңге бөлмек болған. Бірыңғай сатып алу терезесіне сәйкес, орташа бағадан ауытқу сәйкесінше 125%, 89% және 80%-ды құрады.

Ал Президенттің «Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы №108 Өкіміне сәйкес, Еуразиялық Одаққа кірмейтін мемлекеттерден қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметрден асатын автокөлікті 3 жыл ішінде сатып алуға тыйым салынады.

Департаменттің бастамасымен Қаражал қаласының әкімдігі екі автокөлікті мемлекеттік сатып алудың бағасын төмендету жағына қарай қайта қарастырды. Ал үшінші автомобильді сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу бағасының артуы Сәтбаев қаласының №14 жалпы білім беретін мектебінде де белгіленді. Онда 1 данасы үшін 1 666 964 теңгеге ақ бояуды сатып алу жоспарланған. Негізгі сомадан асып кету көрсеткіші 68 106%-ды құрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқаннан кейін аталған сома төмендету жағына қарай қайта қарастырылды. Қазір мектеп 47 358 теңгеге 18 банкі ақ бояу сатып алып отыр. Осылайша, 1 619 606 теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау сатысында жоғарыда аталған бұзушылықтарды анықтау және жою бюджет қаражатын үнемдеуді және тиімді пайдалануды қамтамасыз етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама