Ол қанша адамның жалақысы өсетінін айтты
Мемлекет басшысы премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады. Президентке халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
Тоғжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалақыны көтеру ісінің 1 миллионнан астам бюджеттік сала қызметкері мен квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналын қамтитынын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпкерлікке міндеттемелер белгілеу арқылы мемлекеттен көмек алатын ірі бизнестегі 2,8 миллион қызметкердің еңбек табысын арттыру қарастырылған, – дейді Ақорда.
Тоқаевқа кәсіпкерлік қызметтің табысын арттыруға, сондай-ақ фармацевтика, биотехнология, IT-технология, мұнай-химия бағытындағы жаңа өндірістер сияқты экономиканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты үкімет жоспары баяндалды.
«Сонымен қатар премьер-министр орынбасарының айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 20 мың әйел жұмыспен қамтылады. Жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар беріледі», – делінген ақпаратта.
Кездесу соңында мемлекет басшысы халық табысын арттырудың айрықша маңызды екенін атап, үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.