Бюллетенді қоқыс жәшігіне салдық па: Сайлау жабдықтарын сатып алуға қанша ақша жұмсалды
Алматы әкімдігі қаржының басым бөлігін ақпараттық стендтерді сатып алуға жұмсаған
Мәжіліс сайлауы кезінде Алматы әкімдігі сайлау учаскелеріне қажет құрал жабдықтарды сатып алуға 228 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған, деп хабарлайды Halyq Uni сайты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге сүйенсек, Алматы әкімдігі әлеуетті өнім беруші ретінде «Алматыгороформление» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таңдаған. Яғни, шарт бір көзден сатып алу әдісі арқылы бекітілген.
Шарттың техникалық сипаттамасында көрсетілгендей көгілдір матамен қоршалған екі адамдық дауыс беру кабинасының біреуінің құны 64 200 теңге тұрады. Әкімдік жалпы құны 2 899 000 теңгеге осындай 45 дауыс беру кабинасын сатып алған. Биіктігі – 2 метр, ені – 1 метр.
Ал мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кабина бұдан қымбат, құны 78 000 теңге. Биіктігі – 2 метр, ені – 2 метр. Мұндай кабинадан 14 дана сатып алынған. Жалпы құны 1 092 000 теңге. Осылайша, бас-аяғы 59 кабинаға 3 991 000 теңге жұмсалған.
Ал сайлау учаскесінің қақ ортасында тұратын дауыс беруге арналған пластик жәшіктің құны 71 000 теңге. Бұдан көлемі сәл кішірек портативті жәшіктердің бағасы 45 000 теңге. Аталған дауыс беру жәшіктерінен 109 дана сатып алынған, бұған 5 893 000 теңге қаржы жұмсалған. Техникалық сипаттама түсіндірмесінде дауыс беру жәшіктері қоқыс урналары ретінде көрсетілген. Мұның не себепті қоқыс жәшігі ретінде жазылу себебін біз біле алмадық.
Ең көп қаржы көшедегі ақпараттық стендерді сатып алуға жұмсалған. Сипаттамада көрсетілгендей, 3 мыңнан астам стенді сатып алуға 217 245 624 теңге сарп етілген.
Тутұғырлар да арзан тұрмайды. 40 000 теңгелік тутұғырлардан 12 дана сатып алуға 480 000 теңге, сонымен бірге бір дана Елтаңбаны сатып алуға 55 мың теңге жұмсалған.
Halyq Uni алдағы уақытта тиісті әкімдіктерге сайлау кезінде құрал-жабдықтарға қанша қаржы жұмсағанын білу мақсатында ресми сауал жолдайтын болады.