×

Биыл елімізде адамдарды жерлеу рәсімінің құны да шарықтап кетті

Ғұрыптық қызметтердің құны 4 өңірде ғана өзгеріссіз қалған

 Еркеғали Болатұлы 12.04.2023 | 12:06
фото: ашық дереккөз

Қазақстандықтар үшін жерлеу қызметі 25 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ сарапшылар 1 жылда қызмет көрсету көлемі 3 есе өскенін айтып отыр.

Finprom.kz-тің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда жерлеу қызметтерінің көлемі 13,9 млрд теңге болған. Бұл – 2021 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда, 2,9 есе артық көрсеткіш.

Жалпы, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында 134,7 мың адам қайтыс болған.

2023 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша жерлеу қызметтері 1 жылда бірден 24,6% қымбаттады. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың наурызында өсім – 9,3%, 2021 жылдың наурызында – 6,1%, 2020 жылдың наурызында – 2, 2%, - делінген хабарламада.

Өңірлер бойынша жерлеу рәсімінің бағасы Маңғыстау облысында 61,8%, Қызылорда облысында 59,1% және Солтүстік Қазақстан облысында 52,7% артқан. Сондай-ақ Ақтөбе мен Жетісу облыстарында жерлеу қызметтері 1,5 есе қымбаттап отыр.

Саладағы барлық қызметтер аздап қана қымбаттаған өңірлер – Батыс Қазақстан (4,9%), Ұлытау (10%) және Ақмола (10,1%) облыстары. Ал Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында, сондай-ақ елордада ғұрыптық қызметтердің құны өзгеріссіз қалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама