Компанияның бас директоры жұмысшыларды сабырға шақырды
Ақтөбеде облысты электр жабдықтаумен қамтамасыз ететін «Энергожүйе» ЖШС-нің 200-ге жуық өкілі жұмысын тоқтатып, басшылықтан жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлады 31 арна.
Айтуынша, олар айына орта есеппен 100 мың теңге жалақы алады екен. Бұл қаражат басқа шығынды қоспағанда, азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен несиелерге әрең жетеді.
Жұмысшылардың барлығы жалақы мөлшеріне наразы. Басшыдан оны көтеруді талап етеміз. Жұмысымыз ауыр, ал менің жеке жалақым – 119 мың теңге, – дейді Мирас Жумин атты электрик.
Ал бақылаушы Нұргүл Айымбетованың айтуынша, олар осыдан 2 жыл бұрын да бас көтерген. Содан бері жалақы 20% ғана көтерілген.
Қанша жыл өтті, уәде беріп құтылады. Қаңтар айында жалақыны көтереміз деді. Барлық жұмысты біз – бақылаушылар істейміз. Есептегішті түсіріп, дебиторлық берешекті аламыз. Сондықтан қызметкерлер ереуілге шықты, – деді ол.
Компания Ақтөбе облысында басқа өңірлермен салыстырғанда «Энергожүйе» ЖШС қызметкерлерінің жалақысы шамамен 1,5 есе төмен екенін мойындайды. Сондықтан олар жағдайды айдың соңына дейін түзетуге уәде берді.
Шыдамдылық танытуды сұраймын. Мен бұл лауазымға бір апта бұрын ғана келдім және бірінші кезекте жалақы мәселесін көтердім. Қазір мен мұны тікелей істеп жатырмын. Осы айдың соңында жалақыны көтеру жоспарын жасаймын және сіздерге есеп беремін, – деп мәлімдеді компанияның бас директоры Ержан Жексембинов.
Оның айтуынша, қазір энергия жүйесі қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру жоспарланып отыр екен. Егер өтінім табиғи монополиялар департаментінде бекітілсе, жоғарылаған жалақы мамыр айынан бастап беріледі.