Бозымбаев Талдықорғанда 60 отбасына өзі салдырған үйді тегін сыйлады

Еркеғали Болатұлы

Ол Жамбыл облысында әкім болып тұрған кезде де көптеген игілікті істер атқарған көрінеді

фото: дереккөз

Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев ораза кезінде Талдықорғанға барып, өзі салдырған көпқабатты 60 пәтерлік үйді 60 отбасына тегін сыйлаған. Бұл туралы белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.

Бұл – біздің елімізде үлкен жүректі азаматтың қолынан ғана келетін іс. Әйтпесе, Астана мен Алматыда, Атырау мен Ақтөбеде, Талдықорған мен Таразда қаншама миллиардерлер мен миллионерлер жүр, жағадайы жоқ жандарға осылай топтап тұрып пәтер сыйласа? - деп мақтады әріптесіміз экс-әкімді.

Оның айтуынша, Қанат Бозымбаев Жамбыл облысында әкім болып тұрған кезде де көптеген игілікті істер атқарған көрінеді.

Тараз қаласына Алматы жақтан келетін жолымыз кеңес өкіметі кезінде салынғандықтан, бүгінгі күн талабына сай келмейтін өте тар еді. Соны екі бағытта жүретін етіп, кеңейтті. Ортасына қылқан жапырақты талдар ектірді. Онымен қоя салмай, сол екі бағытта жүретін кең жолға Тараз қаласына кіретін Шығыс қақпасын салдырды. Ол қақпа қазір Тараз қаласының мақтанышына айналды, - дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Сондай-ақ ол Хибатулла ат-Тарази мешітінің қасбеті мен мұнараларын ұлттық ою-өрнекпен қайта жаңартып, «Тараз-Арена» спорт кешенін салдырған.