«Түбі аяқтаймыз». Елордадағы LRT жобасын аяқтау үшін 3,25 пайызбен несие алынбақ
Алтай Көлгінов LRT жобасын аяқтау не үшін керек екенін түсіндірді
Елордадағы LRT құрылысын аяқтауға қажет қаржыны 3,25 пайыздық несие арқылы жабу көзделіп отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Жобаны аяқтауымыз керек. Жобаның құны 1,8 млрд доллар тұрады, оның ішінде 347 млн доллар қазірдің өзінде игеріліп қойған. Әу баста несие 4,9 пайызбен Қытай даму банкінен алынды. Кейін біз үнемдеу туралы шешім қабылдадық.
Өз еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 3,25 пайызбен облигациялық қарыз алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни бұл 4,9 пайыздан әлдеқайда аз. Оның үстіне қарызға қызмет көрсету бойынша 800 млн доллар үнемдейтін едік. Одан бөлек EPC келісімшарты бойынша 200 млн доллар және үнемдедік. Станциялар мен вагондардың санын қысқарту арқылы 150 млн доллар үнемделді, - деді Алтай Көлгінов.
Қала басшысы LRT жобасын аяқтау үшін 1 млрд доллар көлемінде қаржы тарту керек екенін еске салып, жобаны аяқтау не үшін қажет екенін айтты. Әкімнің айтуынша, алдағы 10 жылда қала халқының саны 2 млн адамға жетуі мүмкін.
Дәл осы LRT өтетін Сол жағалауда құрылыстың тығыздығы артып келеді. Былтырғы пандемия жылының өзінде Есіл ауданының халқына 40 мың адам қосылды.
Жобаны түбі аяқтаймыз. Қазір банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың өтініші бойынша нақты қандай банк екенін айта алмаймыз. Келісімшартқа қол қойылған кезде ғана ақпаратын береміз. Нақты айтсақ, банктер концорциумымен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың өтініші бойынша жарияламаймыз. Келісім мынадай мазмұнда жүріп жатыр. Бұған дейін бір қарыздан бас тарттық қой. Оның мөлшерлемесі 4,9 пайыз болса, бұл жолы 3,25 пайыз болады, - деді ол.