Ведомство басшылары тиісті келісімге келді
ІІМ мен Антикор полиция қатарындағы жемқорлыққа қарсы күресте бірігуде. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Олжас Бектеновпен кездесуі барысында белгілі болды.
Кездесу барысында ведомство басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат шеңберінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында өзара қызығушылық тудыратын ақпаратпен алмасу, бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг және талдау жүргізу көзделген.
Ішкі істер министрінің айтуынша, ведомство ішкі істер органдарындағы жемқорлықтың жолын кесуге және СЖТТ арқылы жосықсыз қызметкерлер қатарын тазартуға бағытталған. «Бұны алдымен сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жоймайынша жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін біз барлық бөлімшеде талдау жүргіземіз».
Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы ІІМ бастамасын қолдады. Полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста, сондықтан тұрмыстық жемқорлыққа барынша бейім. Оны жою туралы мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан болатын.
Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауда тұрған полицияның адалдығы мен параға сатылмайтындығы туралы халық сенімін қалыптастыруда ІІМ-ді серіктес ретінде көріп отырмыз, – деді Бектенов.
Сонымен қатар полиция Integrity check адалдықты тексеруді сынақтан өткізуге ниетті. Бұл шара көптеген елде сәтті қолданылады. Қазақстанда оны енгізу «2022-2026 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын» іске асыру аясында көзделген. Қазір Агенттік құқықтық негіз әзірлеп жатыр.