Биыл колледждерде білім алуға гранттар саны 45 мыңға артады

Қымбат Елтайқызы

Осылайша, барлығы 125 мың грант бөлінеді

фото: sputnik/Айсулу Жумагулова

Білім және ғылым министрлігі колледждердің болашақ студенттері үшін жаңалық жариялады.

Биыл колледждерде білім алу үшін гранттар саны 45 мыңға артады, ал барлығы 125 мың грант бөлінеді, – дейді ведомство.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арнайы гранттар қарастырылған. Ол үшін «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – гранттардың 5%, толық емес отбасылардан шыққан балаларға 1%, физикалық мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылардан шыққан балаларға 1% бөлу көзделген.

Өткен жылы колледждерге қабылдау 10 мыңға артып, 166 мың адамды құрады. Оның ішінде 93 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс бойынша (тегін оқуға) түсті. Ал соның ішінен 67%-ы квоталық санаттар бойынша өтті (61,9 мың адам).

«Бүгін біз техникалық мамандықтарға сұраныстың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл туралы мемлекет басшысы да айтты. Сондықтан 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ын (қазір 45%) металлургия, IT, құрылыс, инженерия және қызмет көрсету сияқты бағыттар құрайды. Бүгінде әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялар өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар тізімін жасап жатыр. 30 сәуірден бастап облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының сайттарында мемлекеттік тапсырыс көзделген мамандықтар туралы ақпаратпен танысуға болады», – дейді БҒМ.