АШМ сырттан алған 9 млн доллар қарызды жоя салған – Сенат
Қазақстанның мемлекеттік қарызы 22 трлн теңгеден асқан
Бүгін Сенат отырысында депутат Нұрлан Бекенов мемлекеттік қарыз қаражатының оңды-солды жұмсалып жатқанына наразылық танытты. Оның айтуынша, кей мемлекеттік органдар сырттан қарызға алынған қаражатты күнделікті қызметіне жұмсап, тіпті жоя салған.
Сенат депутаты мұндай жағдайға қатысты бірнеше мысал келтірді. Оның айтуынша, сыртқы қарыздың кейбірі тиімсіз жұмсалған немесе қарыз алу қажеттігі болмаған. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің технологияны коммерциализациялау жобасына қатысты сарапшылардың 117 мың долларға бағаланған ұсыныстары қолданысқа енгізілмеген.
Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің ұлттық статистикалық жүйені нығайту жобасы үшін деп алған 22,9 млн доллар қарызы мемлекеттік органның күнделікті қызметіне жұмсалған.
Тағы бір жайт, қарыздың қомақты бөлігі жойылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жобасы бойынша сырттан алынған 20 млн доллар қарыздың 9 млн доллары игерілмегендіктен әрі мақсатты индикаторға жетпегендіктен жойыла салған.
Депутат Нұрлан Бекеновтің айтуынша, Ұлттық қор бүгінде сыртқы қарыздың кепілді резервіне айналып кеткен.
Айта кетейік, Қаржы министрлігінің биылғы қаңтардағы мәліметінше, мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеден асқан. Бұл дегеніміз жанпы ішкі өнімнің 27,4%-ына тең. Үкіметтің сыртқы қарызы мен мемлекет кепілдік берген қарыз, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордың қазыры 37 млрд долларға жетті. Ол Ұлттық қор қаражатының 67%-ына тең.
Оның ішінде Үкіметтің жалпы көлемі 12,2 млрд доллар көлеміндегі 52 сыртқы қарызы бар. Ол қаражаттың тек 80%-ы ғана игерілген.