Павлодар облысында 800 млн теңгеден аса бюджет қаржысы үнемделді
Антикор өңірдегі мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізді
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Осы жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың бірінші тоқсанында өңір бюджетінде 800 млн теңгеден аса қаржы (866 470 008 теңге) үнемделді.
Мысалы, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ мораторийге қарамастан жалпы сомасы 56 млн теңгеге 2 қымбат автокөлік құралын сатып алуды көздеген. Сол сияқты, «Коммунсервис» КММ автокөлікті 88 млн теңгеге сатып алуға тырысқан.
Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен қылмыстық-атқару жүйесі комитеті субъектілерінің жоспарларды бекіту кезінде сиыр сатып алуға негізсіз көтерілген бағаларды көрсететіні анықталды.
Облыс нарығына жүргізілген талдауға сәйкес, 1 келі сиыр етінің бағасы 1 800-ден 2 мың теңгеге дейін өзгереді. Алайда аталған ұйымдар етті әр келісі үшін 3 400 теңгеге дейінгі бағамен сатып алуды көздеді.
Сонымен қатар, Павлодар қаласында қымбат автобус аялдамаларын сатып алу тоқтатылды.
Біз көрсетілген тапсырыс берушілердің атына ұсыныс хаттар жібердік. Соның нәтижесінде барлық мемлекеттік сатып алулар жойылды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларын мемлекеттік сатып алу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауға және асырасілтеу фактілеріне жол бермеуге шақырамын. Біз бұл жұмысты жыл бойы жалғастырамыз, - деді Павлодар облысының Антикор басшысы Дархан Құрақбаев.