Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 43 млрд теңге керек – Еңбек министрлігі
Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған пилоттық жобаларға тоқталды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 43 млрд теңге керек екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол президент мүгедектігі бар және асыраушыларынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуді тапсырғанын еске салды.
«Жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі 8,5%-ға арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтын тұлғаларға және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері тағы 14,5%-ға арттыру мәселесін пысықтап, есеп-қисабын жасап жатырмыз. Қосымша қажеттілік 43 млрд теңгеден асады», - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған пилоттық жобаларға тоқталды:
- Бұған қосымша 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар азаматтарды жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 328 млн теңге бөлінген;
- Гигиеналық құралдардың (жөргектердің) нормативін 2 есеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен көбейту қарастырылған;
- Психикалық ауытқуы бар балаларды санаторий-курорттарға емдеуге жіберу критерийлері Денсаулық сақтау министрлігімен бірге айқындалып, биыл пилоттық режимде еліміз бойынша 1000 бала сауықтыру шипажайларына жіберілмек;
«Пилоттық түрде жан басына шаққандағы нормативті ендіру және әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту қарастырылды. Пилоттық жоба 7 өңірде жүргізілетін болады», - деді министр.