Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттайды

Дәурен Ерболат

Бензин бағасы – 11%, дизель отыны 20% қымбаттайды

көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстан билігі елдегі жанар-жағармай бағасын көтеруге мәжбүр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Мамандардың есептеуінше, былтыр шетелдік транзит көліктері тұтынған дизель мөлшері 150 мың тонна болған. Бұдан басқа, «сұр» экспортпен жөнелтілген отын көлемі 200 мың тонна шыққан.

«Қазақстанда дизель отыны тапшылығын басты себебі бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан әлемдегі жанармайы ең арзан 10 елдің қатарына кіреді. Мысалы, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен (1 литрі) 345 теңге. Бұл біздегі нарықтан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары: 1 литрі – 390 теңге. Өзбекстандағы баға Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе жоғары: 1 литрі – 480 теңге», - деді Ақшолақов.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазақстандық дизель отынын шетелге тасымалдаудан түсетін пайда 50%-дан 120%-ға дейін жетеді. Ол – шамамен 140 млн доллар.

Ведомство басшысы осы жағдайларды ескеріп, Қазақстан жанар-жағармай бағасын көтеруге мәжбүр екенін жеткізді.

Жанар-жағармай нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету қажет. Сондықтан біз күрделі, алайда тиісті қадамға баруымыз керек: шекті бөлшек сауда бағасын көтерген жөн, - деді Болат Ақшолақов.

АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге 182-187-ден (өңірге байланысты) литріне 205 теңгеге дейін (11%);

Дизель бағасы 295 теңге (1 литрі) болады. Қазір аймаққа байланысты оның баға 230-260 теңге деп өзгереді (20%).

Ведомство басшысы мұндай шешім қазір қабылдануы керек деп есептейді. Бүгін министр бұйрығының жобасы жарияланады. Бұйрық 12 сәуірден бастап күшіне енеді.

Бүгінде баға айырмашылығын қысқартпасақ, жақын арада біз жанармай тапшылығына тап боламыз. Бұл қадамға бармасақ, саланы одан әрі дамыту жолдарын жауып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреміз, - деді Болат Ақшолақов.