Бүгін Дариға Назарбаеваның экс-құдасына сот үкімі шықты
Астанада №2 Сарыарқа аудандық сотында кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды. Судья Назгүл Бапақова сотталушының меншігіндегі қандай дүниелер тәркіленетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот үкіміне сәйкес Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан үй мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 196 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның екі шотындағы 2 млрд 847 млн 877 теңге тәркіленеді.
Сондай-ақ, судья қазақстандық кәсіпкердің кейбір мүлкіне салынған тыйымның күші жойылатынын хабарлады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2022 жылдың 18 наурызындағы қаулысымен Боранбаевтың мүлкіне – Астанадағы пәтерге, Алматыдағы жер учаскесі бар жеке үйге тыйым салу үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылсын, - деді судья Бапақова.
Айта кетейік, сот үкімімен Қайрат Боранбаев және Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін үйқамақта болған Жанұзақ сот залынан қамауға алынды.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаев «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айырылды.