Qnet қаржы пирамидасын құрған күдікті қамауға алынды

Халық үні

Ресми ақпаратқа сәйкес, компанияға салымшылардан 463 млн теңге түскен

Фото: Sputnik.kz

Қаржы монитоингі агенттігі Qnet қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Агенттіктің хабарлауынша, күдіктіні ұстау жұмыстары Астана қаласы прокуратурасымен бірлесіп атқарылды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, бұл компания Астана мен Ақмола облысының аумағында 2020 жылдан бастап қазірге дейін жұмыс істеген.

Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, Qnet қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырған. Схема бойынша ескі салымшыларды жаңа келгендердің жарналары есебінен қайта бөлу және байыту арқылы әрекет еткен, - делінген ақпаратта.

Qnet халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция қызметі түрінде жасырылған.

Бірқатар шет елде Qnet компаниясы қаржы пирамидасы деп танылды, сондай-ақ оны Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.

Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 млн теңгені құрады.

Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 айға қамауда ұстау шарасына санкция берді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді.