Halyq Uni логотип
×

БЖЗҚ зейнетақы жинағының «жеткілікті шегі» неліктен күрт өскенін түсіндірді

2022 жылдан бастап біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшері өзгереді

 Ербол Тұрымбет 03.12.2021 | 11:13
БЖЗҚ зейнетақы жинағының «жеткілікті шегі» неліктен күрт өскенін түсіндірді
Фото: Halyq Uni

2022 жылдан бастап зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жеткілікті шек өзгереді (зейнетақы жинағының бұл межеден асатын бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға болады).

Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады.

Әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептеледі және болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) ескеріледі. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады.

Осыған байланысты ең төменгі жеткілікті шек мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі, - деп түсіндірді БЖЗҚ. 

Сондай-ақ әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшерін анықтау кезінде Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы және Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер пайдаланылады.

2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылы қазіргі 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өседі) 2022 жылға ең төменгі жеткілікті шек мөлшері де көбейтілді, - делінген хабарламада.

2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама