×

Балаларды тегін спорт секцияларымен барынша қамту керек - Смайылов

Премьер балалардың тегін спорт секцияларымен қамтылуын арттыруды тапсырды

 Қымбат Елтайқызы 05.04.2022 | 10:30
фото: ашық дереккөзден

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды. 

Қазақстанда орта есеппен халықтың 35%-ға жуығы спортпен шұғылданады. Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Ал ең төменгі көрсеткіштер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.

Премьер-министр 2025 жылы спортпен айналысатындар үлесін 50%-ға дейін жеткізу керектігін айтты. Ол үшін салауатты өмір салты мен спорттың пайдасы туралы кеңінен насихатталуы тиіс. Сондай-ақ бұл ауру-сырқаудың алдын алу, спорттық инфрақұрылымды кеңейту және бұқаралық спорт саласын қаржыландыруды ұлғайту секілді ауқымды жұмысты талап етеді.

Осы мақсатта мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шамамен 21 млрд теңгені кәсіби спорт түрінен алып, бұқаралық спортқа қайта бағыттадық. Оның 6 млрд теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жұмсалды. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында мыңдаған бала спорт секцияларына тегін баруға мүмкіндік алды. Секцияларға кететін шығындар бюджеттен төленеді. Өткен жылы республика бойынша 162 мың бала осындай мүмкіндікке ие болды. Ал биыл 275 мың бала қамтылады, - деді Смайылов.

Мемлекеттік тапсырыс аясында спортпен шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Әзірге Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары көш соңында қалып отыр.

Бұқаралық спортқа бағытталған қаржының 4,9 млрд теңгесі спорттық инфрақұрылымдарды салуға және жөндеуге бөлінді. Өткен жылы елімізде 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылса, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Ауылдарды спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Тек 2021 жылдың өзінде 1833 ауылда спорт нұсқаушысы деген штаттық лауазым енгізілді.

2025 жылы әрбір тірек ауылда спорттық шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты жаттықтырушы немесе нұсқаушы болады. Дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін спорттық инфрақұрылым жасына, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан, барлық азаматқа бірдей қолжетімді болуы тиіс, — деді премьер.

Үлкен спорттағы жетістіктер бұқаралық спорттан бастау алатынын айта кеткен жөн. Спортпен шұғылданатын балалар қатары көбейген сайын кәсіби спортқа барғысы келетіндер саны да арта түседі. Дені сау, қуатты ұлт негізі қалыптасады. Бұл саланы дамыту қағидаттары мен тәсілдері дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс табады. Осыған байланысты Әлихан Смайылов мәдениет және спорт министрлігіне білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу арқылы балаларды тегін спорттық секциялармен қамтуды ұлғайтуды тапсырды.

Мәдениет және спорт министрлігі білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін спорттық инфрақұрылым жоқ елді мекендерде оларды салу жоспарын қабылдасын, — деді премьер-министр.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрлігіне ұлттық экономика, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен ауру-сырқаудың алдын алу шараларын насихаттауды күшейту тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама