×

Қарағандылық жұмысшылар былтырғы желтоқсаннан бері жалақысыз жүр

Үйде балалар аш, - дейді

 Еркеғали Болатұлы 19.03.2023 | 16:40
фото: дереккөз

Қарағандылық кәсіпорын басшылығының 100-ден аса жұмысшыға 140 миллион теңгеден аса қарызы бар. Еңбекақысын ала алмай жүргендер еңбек инспекциясына ұжымдық шағым жазған, деп хабарлады Almaty.tv.

Мыс зауыты жұмысшылары бірнеше айдан бері жалақы алмаса да жұмысты тоқтатпаған.

Мен бұл компанияда өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келемін. Содан бері 6 ай өтті. Екі ай жалақы алдым, одан кейін ақша көрмедім. Үйде балалар аш. Біз тиісті ақшаны төлеуді талап етеміз, - деп ашуланды компания жұмысшысы Мамық Несіпбек.

Сондай-ақ олардың зейнетақы және медициналық сақтандыру төлемі де аударылмаған.

Міне, төрт ай өтті, мен желтоқсаннан бастап жалақы алмадым. Зейнетақы қоры да, медициналық сақтандыру да төленбейді, - деді келесі жұмысшы Бауыржан Оразалиев.

Ал кәсіпорын басшылары жалақыны шикізаттың жоқтығынан төлей алмай отырғандарын алға тартты. Айтуларынша, компания қазір қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан көрінеді.

Желтоқсан айындағы берешек 25 наурызға дейін өтеледі. Біз мыс сатып ақша аламыз және еңбекақыны төлейміз. Қаңтар, ақпан, наурыз айларының барлық негізгі қарыздары сәуір айының соңына дейін өтеледі, - деді компанияның бас директоры Мұса Төлегенов.

Алайда компания жұмысшылары оның уәдесіне сенбейді. Сондықтан оларға еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, шешім шығаруға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама