Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне әсер еткен негізгі үш факторды атады

Халық үні

Ұлттық банк алюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін 64,6 млн долларға интервенция жасады

көрнекі фото: afk.kz

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының бір доллар үшін 436 теңгеге дейін әлсіреуіне қандай факторлар әсер еткенін түсіндірді.

2 желтоқсанда биржадағы теңге-доллар сауда-саттық көлемі 292 млн АҚШ долларына жетті, бұл 2020 жылғы сәуірден бастап рекордтық деңгей. Сауда-саттық көлемінің өсуі және шетел валютасына сұраныстың артуы теңгені әлсіреткен.

Теңгенің әлсіреуі мынадай факторларға тікелей байланысты болды:

Біріншіден, «Омикрон» штамының таралуына қатысты алаңдаушылық артып, мұнай бағасы күрт құлдыраған. Мәселен, 1 желтоқсанда Brent сұрыпты мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 70 доллардан төмен түсіп, биылғы тамыздан бастап ең төменгі деңгей – 68,14-ке жетті.  

Екіншіден, мұнай бағасының жергілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендеуі компаниялар мен жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына қосымша ішкі сұранысты туындатты. 1 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болғандықтан, сұраныстың бір бөлігі ЕДБ онлайн платформалары арқылы іске асырылды.

Үшіншіден, шетел валютасына айтарлықтай сұраныс бейрезидент инвесторлар тарапынан да туындады. Дамушы нарықтардан валютаның жаһандық әкетілуі аясында бейрезиденттер теңгеден шетел валютасына кері конверттеді. Сұраныстың артуы банкаралық нарықтағы баға белгілеуге әсер етті, мұнда сатып алу бағамы бір доллар үшін 441 теңгеге дейін жетті.

Ұлттық банк шетел валютасына сұраныстың жоғары болуына байланысты валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін 2 желтоқсанда 64,6 млн доллар көлемінде интервенция жүргізген.