×

Шетелден ақша алатын тұлғалардың деректері жарияланады – Қаржы министрі сұрақты жауапсыз қалдырды

Ерұлан Жамаубаев өзі қолған қойған бұйрық туралы журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты

 Дәурен Ерболат 16.03.2023 | 13:16
Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа журналистер бірнеше сұрақ қойды.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа қойылған сұрақ: «Шетелден ақша алатын тұлғалардың деректерін жариялау не үшін керек? Неге ол дәл қазір жүзеге асырылып жатыр?».

«Оны түсіндіру үшін бұйрық жобасын қарау керек. Қазір ол талқылау барысында. Мынау арнайы порталға («Ашық» НҚА – авт.) жарияланған. Қазір біз ұсыныстарды, қандайда бір ескертулерді алғаннан кейін толық шешім қабылданады. Бірақ біз бәріміз жариялалық форматында жұмыс істеп жатырмыз. Журналистер емес, экономика да сол демократиялық бағытта жұмыс істеп жатыр. Конституциялық реформаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мұны біз үрдіс деп санаймыз. Ол бір арнайы бағытталған іс-шара деп ойламаймыз», - деді вице-премьер.

Журналист құжат қазір тек ұсыныс күйінде жарияланбағанын, бұйрыққа қол қойылғанын алға тартты. «Шетелден ақша алатын тұлғалардың деректерін жариялау әлі ұсыныс күйінде тұр ма, ол талқылуға тек екі күнге жарияланды ғой» деп журналист сұрағын нақтылады.

Сіздің сұрағыңыз бүгінгі тақырыпқа байланысты емес қой. Бүгінгі тақырып бюджетке байланысты. Біз талқылау өткіздік. Үлкен іс-шара өтті. Соған қатысты сұрақ болса айтыңыз. Алдарыңыздарға күнде шығып жүрмін, - деп вице-премьер жауап беруден бас тартты.

Айта кетейік, Қаржы министрінің 2023 жылғы 13 наурыздағы бұйрығымен шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден ақша немесе өзге де мүлікті алған және жұмсаған тұлғалар туралы дерекқорды жүргізу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

Дерекқордағы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитеті беріп отырады. Онда шет елдерден халықаралық және шетелдік ұйымдардан ақша немесе басқа да заттай мүлікті алатын адамдар, шетелдіктер мен  азаматтығы жоқ басқа да адамдар туралы ақпарат шығады.

Бұл деректер 6 айдың соңында есепті айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, SRC интернет-ресурсында – kgd.gov.kz-де жарияланады.

Бұйрық 2023 жылғы 26 наурыздан бастап күшіне енеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама