Болат Назарбаев машина жасау зауытындағы үлесін мемлекетке қайтарады

Ербол Тұрымбет

Жоғарғы сот 12 жылға созылған сот процесіне нүкте қойды

https://saliqaly.kz/

Болат Назарбаевқа қатысты 23 қаңтарда жарияланған Жоғарғы сот қаулысы Алматы ауыр машина жасау зауытындағы ұзаққа созылған даудың соңғы нүктесін қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас-аяғы 12 жылға жуықтаған сот процестерінің ақыры Бас прокуратура шағымын қанағаттандырумен бітті. Нәтижесінде Болат Назарбаев 2007 жылы иеленген зауыттың 31,9% акциясын Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қайтарып беретін болды.

Іс тарихына қарасақ, бірнеше сот сатысында қаралған. Алғашқысы 2011 жылдың 22 ақпанында №2 Әуезов аудандық сотында қаралып, Комитет пайдасына шешілген. Оны сол жылы 5 сәуір мен 27 мамырда Алматы қалалық соты екі рет өзгеріссіз қалдырады.

Алайда үш бірдей сатыдан өтіп келген шешімді Жоғарғы Сот істі қайта қарау үшін 2012 жылдың 10 шілдесінде бірінші инстанцияға кері жолдайды.

Сөйтіп, 2012 жылдың 11 қыркүйегінде сол бағанағы №2 Әуезов аудандық соты бір жыл бұрынғы өз шешіміне өзі қарсы шығып, Комитеттің шағымын қанағаттандырмай тастайды. Алматы қалалық соты да сол жылы 30 қарашада аудандық соттың кебін киіп, шешімді өзгеріссіз қалдырады. 

Іс материалы бойынша, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті (қазіргі комитет – ред.) 1998 жылдың 18 ақпанындағы келісім бойынша «АЗТМ» АҚ-ның мемлекеттік акциялар пакетінің 31,9%-ын тендерден жеңіп шыққан «Темір Кон» ЖШС-не 105 300 000 теңгеге сатады. Келісім бойынша, «Темір Кон» ЖШС зауыттың өндіріс көлемін 1997 жылғы деңгейінде сақтап тұруға, арттыруға, оның бәрін Комитет бақылап отыруға міндеттелген.

Кейін 2007 жылдың 2 сәуірінде «Темір Кон» ЖШС «АЗТМ» АҚ акцияларының 86,7812%-ын Б.А. Назарбаевқа жазып береді.

2009 жылдың 1 сәуірінде Комитет пен «Темір Кон» ЖШС және Назарбаев Б.А. арасында келісім жасалып, міндеттемелер орындалмаған жағдайда Б.А. Назарбаев мемлекеттік акциялар пакетін Комитетке қайтарып беретін болады.

Ал 2009 жылдың 2 сәуірінде Назарбаев Б.А. «АЗТМ» АҚ-ның 398 246 жай акциясын «PLS-ТМ» ЖШС-не сатып жібереді. Оның ішінде бағанағы мемлекеттік акциялар да бар.

Бірақ бұл келісімде алдыңғы келісімдегідей зауыттың өндіріс қарқынын сақтап тұру мен басқа да міндеттері көрсетілмеген.

Оның үстіне, 2009 жылы ол міндеттемелердің орындалмағаны, материалдық-техникалық базасының нашарлығы, мүліктері мен жер аумағының бөлініске түсіп кеткені, сондай-ақ, үшінші тарапқа сату мен зауыттағы ғимараттардың жалға берілгені анықталған. Бұл кемшіліктің бәрін барлық тарап мойындаған да.

Оның ішінде Б. Назарбаевтың акцияларды «PLS – ТМ» ЖШС-не Комитеттің келісімінсіз сатқаны да, комитет бақылауынан шығарғаны да заңмен нақтыланған. Бірақ соған қарамастан Комитеттің шағымы қанағаттандырылмаған. Жоғарғы соттың соңғы қаулысы оны қателік деп, бірнеше мысалмен дәлелдеп отыр. Соның ішінде, Б. Назарбаев зауыттың өндіріс қарқыны мен басқа да міндеттемелерін өз мойнына ала отырып, басқа біреуге өз бетінше сатуы дұрыс емес. Соның кесірінен Комитет зауыт аумағын бақылау мүмкіншілігінен айрылған. Осындай кемшіліктердің негізінде Б. Назарбаев пен «PLS – ТМ» ЖШС арасындағы сауда келісімі заңға сай келмейді, сондықтан жарамсыз деп танылады.

Одан бөлек, Б. Назарбаев зауытқа қатысты мойнына алған міндеттемелерін орындамағаны үшін Комитет шағымы қанағаттандырылады.

Қорыта келгенде, Б. Назарбаевтың сонау 2007 жылы иеленген «АЗТМ» АҚ-ның 31,9% акциялар пакеті мемлекетке қайтарылатын болды.