×

Теңге депозиті бойынша 10% өтемақы алуға кімдер құқылы

Ұлттық банк салымшылардың теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына қатысты сұрақтарына жауап берді

 Қымбат Елтайқызы 01.04.2022 | 16:30
фото: ашық дереккөзден

Бағдарлама туралы үкімет пен Ұлттық банктің 2022 жылғы 24 ақпандағы Бірлескен мәлімдемесінде айтылған болатын. Мұнда жинақты теңгемен сақтайтын салымшылар үшін салым сомасының 10%-ы көлемінде мемлекеттен өтемақы немесе сыйақы төлеу қарастырылған. 

Бағдарламаның қолдану бойынша барлық мәселені реттейтін нормативтік-құқықтық акт жобасы әзірленіп қойды. Енді келісім алып, әрі қарай бекіту үшін үкіметке жолданды. Жақын арада құжат бекітіледі және жарияланады деп күтіліп отыр. 

Бағдарлама анағұрлым кең таралған келесі теңгелік салымдарға қолданылады:

  • жинақ депозиттері;
  • Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктемесіндегі мерзімді, сондай-ақ мерзімсіз салымдар;
  • «Отбасы» банктегі салымдар;
  • мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы салымдар.

Бағдарлама ағымдағы және карталық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі және шартты депозиттерге қолданылмайды.

Депозиттің банкте 2022 жылғы 23 ақпаннан 2023 жылғы 24 ақпанға дейін, яғни бағдарлама жарияланған уақыттан бастап 12 айдан кем емес уақытта сақталуы – өтемақы төлеудің міндетті талабы.

Алдын ала белгілі болған деректер бойынша, Бағдарлама қолданылатын шоттардың 93%-ы – 3 млн теңгеден аспайтын салымдар, оның ішінде 84%-ы – 1 млн теңгеге дейінгі салымдар. Осылайша, Бағдарлама теңгелік депозиттердің тартымдылығына қолдау көрсетуде салымшылардың қомақты бөлігін қамтиды.

Алдын ала бағалау бойынша, салымшыларға өтемақы төлеу жағынан шығын көлемі шамамен 550 млрд теңгені құрайды. Өтемақыға жұмсалатын шығын бюджет есебінен шығарылады және ол банктердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді.

Теңге депозиті бойынша 10% өтемақы алуға кімдер құқылы?

Салым сомасының 10%-ы көлеміндегі өтемақы (мемлекеттен біржолғы сыйақы) алуға қазақстандық банктің әр салымшысы, яғни жеке тұлғалардың да, сол сияқты жеке кәсіпкерлердің де құқығы бар.

Өтемақы 2022 жылғы 23 ақпаннан кешіктірілмей (яғни бірлескен мәлімдеме жарияланған 2022 жылғы 24 ақпанның басында) ашылған және осы мерзімге қалдық сомасы болған теңгелік салымдар бойынша төленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама