×

Тротуар мен жарық жоқ: Астанада 17,6 млрд теңгеге салынған жолдың сапасы сын көтермейді

Қоғамдық бірлестікке сапасыз салынған жолдар туралы 140 хабарлама түсті

 Айнұр Шошаева 10.03.2023 | 17:23
фото: Halyq Uni

Астанада осыдан 5 ай бұрын пайдалануға берілген жолдың сапасы сын көтермейді. Ұзындығы 5 шақырымға созылатын жолды салуға 17 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр қоғамдық ұйым автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге бөлінген қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізу мақсатында акция бастаған. Елордалық филиалға сапасыз салынған жолдар туралы 140 хабарлама түсті.

Түскен әрбір ақпарат егжей-тегжейлі зерделенді, барлық фактілер қайта тексеріліп, құқық қорғау және уәкілетті органдарға өтініштер жолданды. Соның нәтижесінде кейбір тапсырыс берушілер мен мердігерлер шаралар қабылдады, бірде бақылауға алынған мәселе туралы хаттар жазылды, - деді ол.

Сондай-ақ ол кейбір жолдардың сапасына қатысты сұрақ туындап отырғанын атап өтті.

«Мәселен, 2022 жылдың қыркүйегінде біз №39 көшеден Ш. Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскеде №27 көшесінің жол құрылысы бойынша 1-кезектегі жұмысын қарауға шықтық. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 5907 метрді құрайды. Жасалған шартқа сәйкес, құрылыстың мердігері – «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны ЖШС. Келісім 2017 жылдың 20 желтоқсанында 36 айға жасалған. Оған 17 678 528 679 теңге бөлінді. Алайда үш жылда салынуы керек болған жол тек 2022 жылы ғана ашылды», - деп толықтырды ол.

Қоғамдық ұйым өкілі тапсырылған жаңа жолдың бойында жол жиегі мен жарықтандыруы болмағанын айтады. Бес ай бұрын анықталған ақаулар әлі күнге дейін жойылмаған.

«Тротуарлар мен ішінара көше шамдары жоқ, жолдың кейбір жерлері біркелкі емес, кедір-бұдыр болып жатыр. Жолдың сапасына қатысты Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы біздің жазбаша жолдаған өтінішімізге «аталған учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталмаған, бұл ретте біз бас мердігер ұйымға осы ақауларды жою мерзімдері бар шағым хат жолдадық. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады» деген жауап берді. Алайда 5 айдан соң қабылданған шараларды көруге барсақ, ештеңе өзгермеген. 17 млрд теңгеге салынған жолда мұндай кемшіліктер болуы мүмкін бе? Осынша сомаға 5 шақырым сапалы жол салуға болмай ма?», - деп сұрақ қойды Дархан Құлжамбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама