×

«Жарты миллиард теңгенің тауары жетіспейді»: «Тараз» ӘКК аудиторлық қызметін жауып жатыр

Басқарма төрағасы Мәжіліс депутаты болу туралы жоспарынан бас тартты

 Айнұр Шошаева 10.03.2023 | 10:43
көрнекі фото: facebook.com/zhambyl.gov.kz

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ішкі аудит қызметі өңірдегі Тұрақтандыру қорында (бұдан әрі – Қор) 500 млн теңгеден астам соманың тауары жетіспейтінін анықтаған. Алайда жетіспейтін тауар туралы тиісті органдарға хабар берген мекеме қызметкерлері түрлі себеппен жұмыстан қудаланып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетейік, бұған дейін редакциямызға «Тараз» ӘКК бухгалтері лауазымын атқарған Гүлмира Мүслімова хабарласып, былтыр жыл соңында тұрақтандыру қорына жүргізілген тексеріс кезінде 517 млн теңгеге жуық сомаға азық-түлік тауары жетіспейтінін хабарлаған болатын. Аталған жетіспеушілікті 2023 жылдың қаңтар айында ӘКК-нің ішкі аудит қызметі (бұдан әрі – ІАҚ) жүргізген тексеру де растаған. Бірақ жарты миллиардтан астам соманың тауары жоқ екенін айтып, құзырлы органдарға хабар берген бухгалтерді мекеме басшылығы жұмыстан шығарған.

Енді «Тараз» ӘКК басшылығы тексеріс жүргізген Ішкі аудит қызметін Аутсорсингке беру деген сылтаумен таратып жатыр. Бұл туралы мекеменің Ішкі аудит қызметінің жетекшісі Қарлығаш Жылқайдарова хабарлады. Ол 2018 жылдан бері мекеменің Ішкі аудит қызметінің басшысы болып қызмет атқарады.

«2022 жылдың 23 желтоқсанында «Тараз» ӘКК» АҚ-ның директорлар кеңесінде бекітілген «ІАҚ-нің 2023 жылға арналған аудиторлық жоспары» бойынша осы жылдың бірінші және екінші тоқсанында «Тараз» ӘКК» АҚ қаржылық-шаруашылық қызметіне аудит жүргізу көзделді. 19 қаңтарда Ішкі аудит қызметі аудит процедурасын бастайтынын хабарлады. Тиісті хабарлама жіберілген соң, барлық активтердің инвентаризациясын бастадық. Ол тек Қордағы тауарлар ғана емес, ағымдағы жинақ шоты мен кассадағы қаржы, материалдық және материалдық емес активтер де бар. Бухгалтерия бізге Қордағы азық-түлік қоры барын растайтын құжатты (салыстырмалы түгендеу тізімі) ұсына алмады. Қордағы тауарларды түгендеудің не себепті жүргізілмегенін және аяқталмағанын сұрағанда, материалдық бухгалтер «2022 жылдың 20 желтоқсанында инвентаризациялық комиссия құрылып, мерзімі мен комиссия мүшелері бекітілгенін хабарлады. Алайда мерзімі 2023 жылдың 31 қаңтары деп көрсетілген. Бұл Бухгалтерлік есеп туралы заңға және ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығымен бекітілген Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларына қайшы», - деді ол.

Заңға және Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларына сәйкес, инвентаризация кем дегенде жылына бір рет 31 желтоқсанға дейін өткізілуі керек.

«Материалдық бухгалтер Айжан Мейрманова «2022 жылдың 29 желтоқсанда комиссия (толық құрамда емес) Тұрақтандыру қорындағы тауарды түгендеуге шыққан. Сол кезде 416 млн теңге жетіспейтінін анықтады. Қандай шара қабылдағанын сұрадым. Неге акт толтырылмады, басшылыққа неге хабар бермеді, неге осынша үлкен сомада жетіспеушілік пайда болды деген сұраққа бухгалтер өз түсініктемесінде комиссия мүшелері Арман Түймебаевқа (Тұрақтандыру қорының басшысы) сенетінін және ол түсініктеме беретінін, сондай-ақ комиссия тексерісті кейін жүргізетінін жазды. Жетіспеушілікті анықтаған комиссия ол туралы басшылықты хабардар етуіге және заңға сәйкес шараларды қабылдауға тиіс еді. Бұл процедуралар орындалмады», - деп қосты аудитор.

Ішкі аудит қызметі 23 қаңтарда инвентаризациялық комиссияны жинап, жетіспеушілікті растау немесе оны жоққа шығару үшін Тұрақтандыру қорына тексеріспен барады. Комиссия құрамына басқарушы директор – Е.Жылысбек, комплаенс-инспектор А.Тоқымбаев, қор басшысы А.Түймебаев, заң секторының басшысы С.Бегалиев, бас бухгалтер Г. Мүслімова, материалдық бухгалтер А.Мейрманова, қор маманы Р.Есимов кірді. Тексеріске басқарушы директор Е.Жылысбек еңбек демалысында болуына байланысты қатыспаған. Ал комплаенс-инспектор А.Тоқымбаев әртүрлі негізсіз себеппен қатысудан бас тартса, ал заң секторының басшысы С.Бегалиев ӘКК басшысының тапсырысымен инвентаризацияның ортасында тексерісті жалғастырудан бас тартқан. «Тараз» ӘКК-нің азық-түлік сақтайтын басыбайлы қоймалары мен көкөніс сақтау қоймалары жоқ. Өндіруші немесе делдалдан тауар сатып алынған соң, келісім жасалып, сатып алған адамға жауапты сақтауға беріледі. Қажеттілікке қарай ол тауар өтініш бойынша беріліп отырады.

«Біз келіп жауапты сақтауға берілген келісімдерді қарадық, соған сәйкес тауар жеткізушіде болуға тиіс еді. Ол жерде үш жеткізуші бар: «Байлық» ЖК, «Status Area» ЖШС, «Саф-Трейд» ЖК-мен жауапты сақтауға келісім жасалған және материалды жауапты тұлға – Арман Түймебаевтың қоймасында тауарлар орналасқан. Соған сәйкес, бухгалтерлік есеп бойынша тауарлық-материалдық қорлар осы қоймаларда сақталған еді. Сол кезде қоймада жалпы сомасы 45,5 млн теңгеге жуық 1,5 млн дана жұмыртқа (тауарды сақтаушымен жауапты сақтауға келісім жасалмаған), жалпы сомасы 336 мың теңгеге жуық 8,4 тонна қарақұмық, сондай-ақ жалпы сомасы 394,4 млн теңгеге жуық – 2 158,2 тонна бірінші сұрыптағы ұн, жалпы сомасы 43 млн теңгеге жуық 72 тоннадай өсімдік майы, жалпы сомасы 33,6 млн теңгеге жуық 82 тонна қант жетіспейтіні тіркелді. Жалпы ҚҚС қоспағанда 517 млн теңгенің тауары жетіспейтіні және материалды жауапты тұлға – Арман Түймебаеың қоймасында (Арай Агро өнімдері қоймасында орналасқан) жалпы сомасы 39,8 млн теңге жуық 97 тонна қант жетіспейтіні тіркелді», - деп толықтырды сөзін Қарлығаш Жылқайдарова.

Сондай-ақ, ол аталған жетіспеушілік анықталғаннан кейін тиісті органдарға хабар берген бас бухгалтерге қысым жасалғанын атап өтті. ӘКК-нің экс-бухгалтері Гүлмира Мүслімова ҚР Президенті әкімшілігіне, Қаржы мониторингі агенттігіне, жергілікті прокуратураға және Антикорға хат жолдаған. Содан кейін бас бухгалтер қудаланып, «қызметтік міндетін орындамады» деген желеумен жұмыстан шығарылғанын айтады.

«Инвентаризация барысында бейнетүсірілім жүргізілді. Онда тауардың жетіспейтіні, келісімшарттардың жасалмағаны, Тұрақтандыру қорының комиссиясының тауарларларды жіберу туралы шешімінің жоқтығы, үшінші тараппен сату және сатып алу келісімшарттарының жасалмағандығы, тауарлар үшін төлемнің жасалмағаны және тараптарға тауарларды жіберу бойынша жүкқұжаттардың болмауы туралы толық жазылған және жауапты тұлғалар камера алдында оны мойындады. Сондай-ақ өңірлік тұрақтандыру қорына тауар жеткізуші бес компанияның («Status Area» ЖШС, «Атыгаева» ЖК, «Саф-трейд» ЖК, «Береке» ЖК, «Байлық-2014» ЖК-сы) бір тұлғаға тиесілі екені белгілі болды. Менің жеке пікірім бойынша, «Тараз» ӘКК басшылығының әрекеті өз олқылығын жасыруға тырысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әрекеттеріне ұқсайды. Болған құқықбұзушылықты мойындауы керек. Тұрақтандыру қорындағы тауар комиссияның тиісті шешімінсіз, келісім жасалмай және тауардың құнын төлеместен жіберілгенін ашып айтуға тиіс. Тауардың құны 100 пайыз төленбейінше жіберілмеуі керек еді. Өңірлік Тұрақтандыру қоры нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиісті стратегиялық нысан. Неге заңсыз жіберіледі?», - деп сұрады аудитор.

«ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ "ШУЛАТПА" ДЕДІ»

Тұрақтандыру қорындағы жарты миллиардтан астам соманың жетіспейтіні анықталған күні Ішкі аудит қызметінің жетекшісі Қарлығаш Жылқайдарова «Тараз» ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы – Қанатбек Мәдібектің қабылдауына барғанын айтады. Оған қоса, Қанатбек Мәдібек қазір Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады, ол әкімдіктегі ӘКК қызметіне жауапты тұлға.

Ол маған "Шу шығармаңыз" деді. Мен ІАҚ-нің ережесіне сәйкес, аталған мәселе бойынша директорлар кеңесінің жиынын өткізуді талап еттім. Тәуекел дәрежесі жоғары жетіспеушілік анықталса, директорлар кеңесі шұғыл әрекет етіп, тиісті шараларды қабылдауға міндетті. Әлі күнге дейін менің талабым бойынша отырыс өтпеді. 27 ақпанда директорлар кеңесі шақырылып, Қанатбек Мәдібек күн тәртібінен жоғарыда аталған мәселені алып тастады. Директорлар кеңесіне кіріп, шамамен 517 млн теңгенің тауар жетіспейтіні және тиісті шара қабылдау керек екені туралы айттым. Сондай-ақ олардың әрекеті мен қабылдаған шешімдеріне жауапты екенін естеріне салдым, - деді аудитор.

Оның айтуынша, мекеме басшылығы ірі көлемдегі қаржы жетіспеушілігінің себептерін анықтаудың орнына, Ішкі аудит қызметін қысқарту туралы шешім қабылдаған. Бұл квазимемлекеттік секторды реттейтін қолданыстағы заңнамаларға қайшы келетінін атап өтті.

«Қаржы министрлігімен бекітілген корпоративтік кодекс бар. Онда меншік формасына қарамастан, мемлекеттің қатысуымен құрылған барлық кәсіпорында ішкі аудит қызметі болуы керек екені айтылған. Алайда біздің директорлар кеңесіміз Ішкі аудит қызметінсіз жұмыс істейміз деп шешті. Бұл – қазір еліміздегі өз штатында ішкі аудит қызметі болмайтын жалғыз ӘКК. Штаттағы 65 қызметкердің ішінде мен және екінші аудитор ғана штаттың қысқаруына байланысты еңбек жағдайының өзгеруі туралы хабарлама алдық. Директорлар кеңесінің айтуынша, ІАҚ қысқарту себебі, ӘКК-нің әкімшілік шығындарын азайту мақсатында жасалды. Екі аудитордың жылдық еңбекақы қоры қалайша бүкіл ӘКК қаржылық көрсеткіштерін жақсартады екен? Айта кетсем, алдын ала қаржылық есеп берулерге сәйкес, ӘКК 2022 жылдың қорытындысы бойынша қомақты теріс нәтижемен шықты. Заңды жолмен заңсыз әрекет жасап отыр. Бізде 2011 жылы бекітілген «Тараз» ӘКК корпоративтік кодексі бар. Оның 7-бөлімінде «Ішкі аудит қызметінің құрылуы міндетті» деп жазылған. Онда Ішкі аудит қызметінің жетекшісімен қызметтің штаттық құрылымы, құзыреті мен мерзімінен бұрын қызметін тоқтату туралы ұсыныс бере алатыны белгіленген. Оны акционерлік қоғамның басқарушысы бере алмайды, өйткені ол атқарушы орган, ол өз кезегінде аудиттің нысаны болып табылады», - деп қосты.

Аудитордың айтуынша, «Тараз» ӘКК-ның материалдық-техникалық базасы Тұрақтандыру қорының тауарын сақтауға мүмкіндік бермейді: қоймалар мен көкөніс сақтау қоймалары жоқ. Сондай-ақ Жамбыл облысының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберіндегі тауарларды сатып алу және несиелерді беру үрдістері ашық еместігін атап өтті. Қорды қалыптастыру үшін сатып алу үрдістеріне және несие беру тәртібіне өзгерістер енгізіп, Тұрақтандыру қорына сатып алуды онлайн платформада ашық түрде өткізу керек. Мемлекеттік сатып алу арқылы өткізе алмаса, онлайн режимде өтініш қабылданып, қаралып, қоғам үшін ашық болуға тиіс.

Қорда ірі көлемдегі тауар жетіспеушілігі бойынша халықаралық аудиторлық қызмет туралы нормаларға сәйкес, ҚР қылмыстық процестік кодекске сәйкес құқық қорғау органдарына шағымданатын боламын. Себебі мекеменің құрылтайшылары мен басшылары заңсыздықты біле тұра, тиісті шараларды қабылдамай отыр, - дейді Жылқайдарова.

«АЛТЫ САҒАТТЫҚ ВИДЕОЖАЗБА БАР, БІРАҚ...»

2023 жылдың 23 қаңтарында жүргізілген инвентаризация кезінде 6 сағат бойы бейнежазба жүргізілді. Онда Қордың өкілдері қоймадағы тауардың жетіспейтінін мойындағаны жазылған. Атап айтқанда, бір видеода 8 тонна 450 келі қарақұмық, 82 тонна 100 келі қант, 2158 тонна 200 келі ұн, 71 тонна 565 литр өсімдік майы жетіспейтіні баяндалады. Сондай-ақ азық-түлікті сақтау талаптарына қатысты сұрақтар туындады. Халық тұтынатын өнімнің көбі арнайы сөрелердің орнына қойманың еденіне қаланып тұр. "Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы №ҚР ДСМ-73 бұйрығына сәйкес тауарларды қоймалау және сақтау тәртіптерін сақтамаған. «Бейнебаянда Арман Түймебаев қантты түсіру жұмыстарына өз қалтасынан 1 600 000,00 теңгені бергені және қабылдау кезінде өзіне қатысты қызметтік міндеттеріне немқұрайлық танытқаны туралы, қордағы тауарлардың нақты мөлшерін білмейтіні туралы түсірілген. Қор басшысының қайтарымсыз өз қалтасынан шығарған қомақты сома (1 600 000,00 теңге) үлкен күмән туғызады. Егерде оның жеке мүддесі, қызығушылығы болмаса, өз қалтасына шығын келтіретін бе еді?», - дейді Қарлығаш Жылқайдарова.

ӘКК-нің бұрынғы бухгалтері Гүлмира Мүслімованың өтініші бойынша «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы өңірдің Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолдаған болатын. Филиал жетекшісі Назима Жұбандықоваға берген жауабында департамент «Тараз» ӘКК ұсынған ақпараты негізінде 2023 жылдың 8 ақпанында өңірлік облыстық әкімдік, «Атамекен» ҰКП пен Жамбыл облысы бойынша Антикордың қызметкерлерінен құрылған комиссияның Тұрақтандыру қорына жүргізілген инвентаризация кезінде азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі анықталмағаны жазылған. Яғни, Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит өз жауабын ӘКК ұсынған ақпарат негізінде дайындады. Қазақстанда шағымдарды қарау тәртібі бар. Соған сәйкес шағым объектісі түскен шағымға өзі жауап бермеуі керек. Осы орайда реттеуші органның ӘКК-нің Ішкі мемлекеттік аудитке берген ақпаратын тексермей жауап беруі күмән тудырады. Сонымен бірге департамент осы жылдың 4-ші тоқсанында «Тараз» ӘКК 2021-2023 жж. аралығында бюджеттік кредиттер мен займдарды пайдалануына мемлекеттік аудит жүргізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, «Тараз» ӘКК басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров бүгінде бірмандаттық округ бойынша Жамбыл облысынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Алайда ол өз өтініші бойынша сайлауға қатысудан бас тартты.

Halyq Uni редакциясы осы мәселеге қатысты Үкіметке, Жамбыл облысының әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама