×

Қарағандыда құрылыс бөлімінің басшысы 120 млн теңге жымқырған

Ол сыбайласымен бірге жемқорлығы үшін сотталды

 Динара Амантай 04.03.2023 | 17:06
Фото: ашық дереккөз

Қарағандыда құрылыс бөлімінің басшысы сыбайласымен бірге үй салуға бөлінген 120 млн теңгені жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотпен 2 ер адамға қатысты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралған.

Сотта анықталғандай, сотталушылар Қарағанды қаласының оңтүстік – батыс ауданында 2 қабатты үйлердің құрылысына бөлінген 120 млн теңгені жымқыру жолымен иемдену үшін қылмыстық жоспар құрған. Оның біреуі Құрылыс бөлімінің басшысы бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, жеке пайдасы үшін қосымша келісімге қол қойған. Оған сәйкес құрылыс компаниясына 120 млн теңге көлемінде аванстық төлем берілген. Алайда, ол құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмейтінін анық білген. Ал оның сыбайласы құрылыс компаниясының басшысы болмағанына қарамастан, алаяқтық жолымен аталған сомадан 100 миллион теңгеден аса қаражат жымқырған.

Бүгінде келтірілген шығын 120 млн теңге мемлекетке толық көлемде қайтарылды.

Сот үкімімен құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Ал оның сыбайласына келтірілген залалды толық көлемде өтегені ескеріле отырып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне еңген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама