×

Жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге арнайы шотта тұр – Жамаубаев

Қомақты қаражат білім ордаларын салуға, оларды жөндеуге жұмсалады

 Дәурен Ерболат 02.03.2023 | 12:43
фото: Halyq Uni

Қазақстанда жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 млрд теңге арнайы шотта жиналды. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде арнайы шотта шамамен 120 млрд теңге жиналды. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігінен өтінім күтіп отырмыз. Бірінші кезекте біз жөндеуді талап ететін мектептерді жөндейміз. Бұл үш ауысымды мектептерге қатысты...», - деді Ерұлан Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Вице-премьердің айтуынша, қазір өтінімдерді қабылдау процесі жүріп жатыр.

Оларды қабылдағаннан кейін мәселені республикалық бюджет комиссиясында талқылаймыз. Содан кейін (жемқорлардан тәркіленген – автор) ақшаны тиісті өңірлерге бөлеміз, - деді Қаржы министрі.

Үкімет басшысының орынбасары арнайы шот Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінде ашылғанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама