Петропавл әкімдігі жолға бөлінген 5 млрд теңгедей қаржыны тиімсіз жұмсаған

Динара Амантай

Антикор 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелді анықтап, 83 ұсыныс берді

Фото:

Соңғы 3 жылда Петропавл әкімдігінің жолдарға қиыршық тас төсеуге бөлінген 5 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны анықталды. Бұл туралы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, нақты орындалған жұмыстарды айқындау бойынша әдіснаманың жоқтығы және сараптама жүргізудің қиындығы жөнінде хабардар бола тұра, қала көшелерін қиыршық таспен қаптау бойынша жұмыстарға жобалық-сметалық құжаттаманы жасамастан, асырасілтеген сметалық есептеулер негізінде тапсырыс берілген.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау шеңберінде облыс басшылығымен бірлесіп, облыс орталығының барлық грейдерлік көшелерін асфальтталған көшелерге жоспарлы ауыстыру туралы ұсынымдар әзірленді.

Осы ұсынымды орындау кезінде белгіленген сыбайлас жемқорлықпен жымқыру схемалары жойылады. Осылайша, қаражаттың жұмсалуын сапалы бақылау және қаланың барлық жолдарының техникалық жағдайын арттыруға қол жеткізіледі, – деді Сергей Перов.

Бүгінде осы ұсынымды іске асыру аясында облыс орталығының 17 көшесін асфальттау үшін бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді.

Сергей Перов бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жоғары лауазым өкілдерінің жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды екенін атап өтті.

Талдау жұмыстары арқылы барлығы 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 83 ұсыныс берілді.