Halyq Uni логотип
×

Бұзу әлде жөндеу: Атыраудағы орталық көпірге тағы млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек

Көпірді күрделі жөндеуге қалалық бюджеттен биыл 920 млн теңге қаралады

 Айнұр Асылбекқызы 30.03.2022 | 10:43
Бұзу әлде жөндеу: Атыраудағы орталық көпірге тағы млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек
фото: Halyq Uni

28 наурызда кезекті қалалық мәслихаттың 21-ші сессиясында қаланың басты нысандарының бірі - орталық көпірдің мәселесі қаралды.

Айта кетейік, Атырауда алты көлік көпірі бар. Олардың барлығы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Бұл - айналма автокөлік көпірі, Мечников-Баймұханов, Бейбарыс, Орталық, Тұрғындар қалашығы-Авангард және Балықшы-Жұмыскер автокөлік көпірлері.

2016 жылы «Трансинжиниринг.krg» ЖШС оларға техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбеталиевтің айтуынша, техникалық зерделеу жұмыстарының қорытындысымен алты көпірдің ішінде екеуі - орталық және Балықшы көпірлерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланып, жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі анықталған.

Осының негізінде 2018 жылдың шілдесінде орталық көпірді күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін «Алматы жоба» ЖШС-мен 47 миллион 155 мың 360 теңге көлемінде келісімшарт жасалды.

Арада төрт жыл өткен соң ЖСҚ дайын болды. Енді оны мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарланып отыр.

Мұхамбеталиевтың айтуынша, жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны - 920 млн 488 мың 988 теңге. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы бес айды құрайды.

Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы - 232 метр. Оған 20 жылдың үстінде күрделі жөндеу өткізілмеген.

Еске салсақ, орталық көпір былтыр сәуірдің басында уақытша жабылып, жол шұңқырлары жамалған болатын. Бірақ бүгінде оның ізі де білінбейді. Жаңа ойықтар пайда болды. Бұған дейін 2020 жылы 10 қаңтарға қараған түні көпірде көлік қозғалысы тоқтатылып, 23 қаңтарда қайта ашылды. Көпірдің астыңғы тіреуі арқылы өтіп жатқан жылу желісінің сырғымалы тірегі орнынан жылжып кеткен. Сол себепті жылу құбырларының жарылып кетуінің алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін автокөлік қозғалысы тоқтатылды.

Атап өстек, бүгінде көпір астымен диаметрі 400-500 мм құрайтын жылу желілері өтіп жатыр.

Мұхамбеталиев осыған байланысты сессия отырысында тағы бір мәселені жеткізді. Оның айтуынша, 2020 жылы жеке көпқабатты тұрғын үй салумен айналысатын көптеген кәсіпкерлерден орталық жылу жүйелеріне қосылуға байланысты өтініштер келіп түскен. Оған негіз болған - «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның қаланың оң жақ жағалау бөлігінде жылу құбырларына қосылуға шектеу қоюы. Аталған мәселені шешу үшін қала әкімдігінде жиналыс өтіп, қаланың оң жақ жағалау бөлігінде жылу жүйесі тапшылығының себебі анықталады. Себеп - орталық көпірдің астынан өтіп жатқан магистральді жылу құбырларының көлемінің кішілігі. Осыған байланысты бұрынғы жасақталған ЖСҚ-ға өзгерістер енгізуге және орталық автокөлік көпірі астындағы жылу құбырларын кеңейтуге тапсырма беріледі.

Кейін «Орталық автокөлік көпірін қайта жаңғыртудан өткізудің» жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары қолға алынады. Жобалау-сметалық құжаттары дайын. Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны шамамен 16,8 млрд теңгені құрап отыр.  

«Жоба бойынша бүгінгі жағдайдағы орталық көпірді бұзып, жолының енін 3 метрге кеңейтіп, қайтадан жаңадан салу жұмыстары қаралған. Сондай-ақ, «Мемсараптама» РМК талабына сәйкес, орталық автокөлік көпірінің астында орналасқан жылу желілерін ҚР құрылыс нормалары мен талаптарына орай бөлек шығарып, жобалау талап етілген болатын. Осыған орай, жобалау барысында аталған талап ескеріліп, жылу желілері автокөлік көпірінен бөлек техникалық көпір ретінде бөлек шығарылып, жобаланды», - дейді Мұхамбеталиев.

Ол осылайша қалалық мәслихат депутаттарына орталық көпір мәселесін шешудің екі жолын ұсынды. Бірі - орталық көпірді күрделі жөндеу, екіншісі – оны бұзып, қайта салу.

Депутаттар бірінші ұсынысты қабылдады. Осылайша, көпірді күрделі жөндеуге қалалық бюджеттен биыл 920 млн теңге қаралады. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл басталады деп жоспарланып отыр. Қазір электронды мемлекеттік сатып алу веб-порталында мердігерді анықтау үшін электрондық конкурс жариялау үшін тиісті құжаттар жинақталуда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама