Halyq Uni логотип
×

Зейнетақы жинағын пайдалану: Мәжіліс депутаты қазіргі шекті мөлшерді жыл соңына дейін ұзартуға шақырды

Депутат азаматтарға зейнетақы жинағын автокредит үшін пайдалануға уақытша рұқсат беруді ұсынды

 Ербол Тұрымбет 30.03.2022 | 10:13
Зейнетақы жинағын пайдалану: Мәжіліс депутаты қазіргі шекті мөлшерді жыл соңына дейін ұзартуға шақырды
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов наурыз айының соңында зейнетақы жинағын пайдаланудың шегі артатынына байланысты «Отбасы банкі» тұтынушылары арасында қатты дүрлігу пайда болғанын айтып,  Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ жұмысын сынға алды.

Еске салсақ, 2021 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі. Бұл көрсеткіш азаматтардың жасы мен қордағы жинағының мөлшеріне қатысты тиісінше өзгереді.

Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы жинағындағы ақшасын пайдаланып үлгермеген салымшылардың ашуын туғызып, халық тарапынан шекті соманы өсірмеу туралы ұсыныс жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтары жеткіліктілігінің ең төмен шегін арттырғаны бәріміздің есімізде, бұл үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Оның үлкен болғаны сонша, тіпті Президенттің араласуына тура келді. Соның нәтижесінде, жеткіліктілік шегін арттыру 2022 жылғы 1 сәуірге дейін кейінге қалдырылды.

«1 сәуірге дейін мүлде аз уақыт қалды. Бірақ Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ тағы да үнсіз. Шешімдер, түсіндірулер мен талқылаулар жоқ. Ең төмен жеткілікті шек тағы да халық үшін тосын сый болмақ, олар қазірдің өзінде «Отбасы банкінде» кезекке тұр. Теңге бағамының девальвациясы мен зейнетақы жинақтарының құнсыздануы аясында шекті мөлшерді ұлғайту азаматтардың наразылығы мен түсінбеушілігін туғызады», - дейді депутат.

Мәжіліс депутаты күрделі экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, Үкіметті зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша қазіргі шекті мөлшердің қолдану мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуға шақырды.

Одан бөлек, дағдарысқа қарсы және әлеуметтік шара ретінде азаматтарға зейнетақы жинағын автокредит пен тұтынушылық кредитін өтеу үшін пайдалануға уақытша рұқсат беруді ұсынды.

«Әрине, пайдалану шарттарын нақты жазу қажет. Мәселен, егер адам шынымен де кірісін жоғалтып, кредит бойынша қиындықтары болса, соның салдарынан азық-түлікке, киім мен балаларына үнемдесе. Бұл адам зейнетақысы туралы ойланатын жағдай емес екені анық. Өзінің жинағын алып, қарыздарынан құтылуға мүмкіндік беру керек. Оның үстіне, мемлекет кез келген жағдайда оған базалық зейнетақыға кепілдік береді», - деп жазды депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама