Ішкі істер органдарының қызметкерлері жемқорлық бойынша көш бастаған
Антикор 2021 жылы тіркелген жемқорлық фактілерін жариялады
Былтыр жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 892 адам сотталды, олардың ішінде: Ішкі істер органдарынан – 207 (254), әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінен – 150 (211), оның ішінде әкімдер – 5 (19), Қаржы министрлігінен – 34 (67), Ауыл шаруашылығы министрлігінен – 19 (18), Денсаулық сақтау министрлігінен – 16 (5), Ұлттық қауіпсіздік органдарынан – 10 (5), Экономикалық тергеу қызметінен – 4 (7), прокуратурадан – 3 (6) қызметші және 3 (5) судья бар. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Антикор баспасөз қызметінің хабарлауынша, парақорлық үлесі жылдан-жылға өсіп жатыр екен: пара алу, пара беру және делдал болу.
Аса ауыр жемқорлық қылмыстың (10%-ға), ұсталғандардың (10%-ға, 216-дан 235-ке дейін), тұтқындалғандардың (13%-ға, 197-ден 223-ке дейін) және бас бостандығынан айырылғандардың (7%-ға, 269-дан 289-ға дейін) саны өскен.
Бизнеске заңсыз араласу бойынша 91 жағдайдың және көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқоршылық бойынша 66 фактінің жолы кесілген. Жүйелі түрде жалғасқан жемқорлыққа қатысты 82 факті анықталды. Сондай-ақ былтыр 3 бірдей ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді (2020 жылы – 0).
Мәселен, елордада көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері 500 млн теңгеге техникалық байқаудың 260 мыңнан астам жалған диагностикалық картасын беруді ұйымдастырған.
Шығыс Қазақстан облысында «Семей орманы» резерватының басшыларын қоса алғанда, 16 адамнан тұратын топ орманды санитариялық кесуге рұқсат бергені үшін пара алған. Осылайша бірегей қарағайлы орманы жойылды.
Қостанайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жүргізуші куәлігін алу мақсатында жүздеген емтихан нәтижесін қолдан жасаған.
Коронавируспен күрес бойынша да 71 жемқорлық фактісі тіркелген: жымқыру (55%), парақорлық (23%) және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (7%). Олардың көбі Нұр-Сұлтан қаласында (11), Түркістан (8), Алматы (7), Ақмола (6), Қостанай (6) облыстарында және Алматы қаласында (6) анықталды.
Оқушыларды онлайн оқыту үшін компьютерлік техниканы сатып алуды тексеру шеңберінде анықталған залалдың жалпы сомасы 15 млрд теңгеден астам 12 қылмыс анықталды (Нұр-Сұлтан қаласы – 1, Алматы облысы – 4, Атырау – 1, Қостанай – 2, Маңғыстау – 1, Павлодар – 1, Солтүстік Қазақстан – 2).
Әшкереленген тұлғалардың қатарында 4 өңірдің (Нұр-Сұлтан қ., Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары) білім беру басқармаларының басшылары бар, олар бюджет қаражатын құнын көтеру және сапасыз компьютерлік техниканы жеткізу жолымен жымқырған.
Вакцина паспортын беруге қатысты да сотқа дейінгі 12 тергеу тіркелді: Нұр-Сұлтан қаласы – 3, Алматы қаласы – 1, Ақмола облысы – 1, Ақтөбе облысы – 1, Алматы облысы – 1, Шығыс Қазақстан облысы – 1, Қостанай облысы – 1, Павлодар облысы – 1, Түркістан облысы – 2.
Көкшетау қаласының орталық қалалық емханасы мен «Viamedis» ЖШС емханасының медбикелері жалған құжаттарды бірнеше рет өткізу және Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйесінің «Вакцинация» электрондық модуліне көрінеу жалған мәліметтер енгізу фактісі бойынша сотталды. Олар нақты инъекция енгізбестен азаматтардан ақшалай сыйақы (10 мыңнан 40 мың теңгеге дейін) алған. Осы деректер негізінде, egov.kz электрондық порталында облыстың 15 тұрғынына коронавирусқа қарсы вакцина салудың жалған электрондық паспорттары жасалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр 20,4 млрд теңгені немесе 86%-ын (23,8 млрд теңгеге келтірілген залалдан) өтеуді қамтамасыз етті.
Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу мониторинг жүргізу арқылы 46,6 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеген. Антикор Солтүстік Қазақстан облысында көпір құрылысына бөлінген 18 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыруға жол бермеген.