Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толған кезде ғана пайдалануға болады
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына қалай аударылатынын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрлік 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу тәсілдері әзірлеген.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық балаға бөлінеді.
Инвестициялық табыстың мөлшерлемесін алдыңғы кезеңдердегі орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарланып отыр. Болжамдық бағалау бойынша мұндай тәсіл осы бағдарламаға туғаннан бастап қатысатын балаға жыл сайын 150-160 доллар көлемінде 18 төлем алуға мүмкіндік береді. Жоба операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ айқындалды, - деді министрдің орынбасары Сенатта.
Ұлттық банк Ұлттық қордың орташа табысын ескеріп, инвестициялық табыстың 50%-ын есептейді.
«Инвестициялық табыс мөлшерлемесін алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылады, сонда бала жинағының болжамды сомасы 3 500 доллар болуы мүмкін. 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады және қаржы құралдарына инвестицияланады. Бала туған кезде шоттарды Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқорының ақпараты негізінде тіркеу кезінде автоматты түрде ашылады. Жыл сайын 1 қаңтарда 18 жасқа толғанға дейін шоттарға қаражатты шартты түрде есептеу жүргізіледі. Қаражатты мақсатты пайдалану үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті операторлар анықталады («Отбасы банк» АҚ, «Қаржы орталығы» АҚ, екінші деңгейдегі банктер)», - деді вице-министр.
Ұлттық қордан қаржыны кімдер алады?
«18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керегін өзі шешеді (білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға). Нысаналы мақсатын растау уәкілетті операторларға білім беру қызметтерін алуға арналған шартты немесе тұрғын үй сатып алу (үлестік құрылысқа қатысу) туралы шартты ұсыну негізінде беріледі. Бұл ретте шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты пайдалануға тек Қазақстанда рұқсат беру ұсынылады. Осы қаражатқа сатып алынған тұрғын үйді қайта сату бойынша шектеулер көзделмейді», - деді Дәурен Темірбеков.
Қаржы қандай жағдайда берілмейді?
«Жалпы ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді еңгізу қажет. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан заңнамасына (6 кодекс пен 8 заңға толықтырулар) түзетулер әзірледі. Бұл түзетулер 3 негізгі блокқа бөлінген: құқықтық заңнама, әлеуметтік заңнама, қаржы заңнамасы», - деді министрдің орынбасары.
Сөз соңында Дәурен Темірбеков аталған жобаға тағы түзетулер енгізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылар қауымдастығымен осы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша бірлескен, дәйекті әрі қарай жұмыс істеу керек. Жоба бойынша ұсынылған бүгінгі көрсеткіштер талқылаудың қорытындысы бойынша түзетіледі, - деп сөзін түйіндеді ол.