Алғашқы минутта-ақ сайтқа кіргендер саны 125 мың адамнан асқан
Өнеркәсіпті дамыту қоры басшылығының хабарлауынша, жеңілдетілген автонесиеге онлайн өтініш бере алмаған азаматтардың енді келесі кезеңді күтуіне тура келеді.
Бір қызығы, кеше алғашқы жарнасыз автокөлік алғысы келгендер арнайы сайтқа уақытында кірген. Бірақ неге екені белгісіз, көбінің өтініші ұзақ ойланып, қайта-қайта «қате» деген жауап шыққан. Порталдағы 2 автоөндірушінің бірін белгілей алмай қиналғандар да көп.
Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері 4 пайыз бағдарламамен көлік ала алмағандарды сабырға шақырды. Олар алғашқы минутта-ақ сайтқа кіргендер саны 125 мың адамнан асқанмен, ешқандай ақау болмағанын алға тартып отыр. 761 адам тіркеуден өткен соң, өтінішін қабылдау тоқтап, соның салдарынан көп адам кезекке тұра алмады деп түсіндірді.
«Тіркелу уақыты 18 секундта аяқталды. Осы уақытта лимит бітіп, өтініш қабылдау тоқтатылды. Платформа өз жұмысын ойдағыдай атқарды. 761 адам өтті. Пулдағы орынды сату мүмкін емес. Егер біреу орын алып береміз десе, оған сенбеңіздер! Ол алаяқтар болуы мүмкін», - деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров.