×

Екібастұз қалалық мәслихаты бензиннің бір литрін 255 теңгеден сатып алған

Энергетика министрінің 6 қаңтардағы бұйрығына сәйкес Аи-92 бензинінің шекті бағасы 182 теңге деп бекітілді

 Данияр Айтпайұлы 24.03.2022 | 14:18
коллаж: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасынан кейін халық талабы бойынша жанар-жағармайға шекті баға бекітілген болатын. Мысалы, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 182 теңге көлемінде тұрақталды. Алайда, бұған қарамастан, Павлодар облысындағы кейбір мемлекеттік мекемелер бензинді 255 теңгемен сатып алып жатыр.

Энергетика министрінің 2022 жылдың 6 қаңтары күнгі №2 бұйрығымен Аи-92 маркалы бензинінің шекті бағасы 182 теңге деп бекітілді. Оған сәйкес, еліміз бойынша бөлшек саудада АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 182 теңгеден артық бағаға саудалауға болмайды. Бұл шектеу жарты жылға созылады. Республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұргүл Қайырденқызының айтуынша, жергілікті мемлекеттік мекемелер бұл бұйрыққа бағынбай отыр.

«Биыл қаңтар айының басында Энергетика министрлігі тарапынан тиісті бұйрықтың шыққанына қарамастан, Павлодар облысының бірқатар мемлекеттік мекемелері бинзинді едәуір жоғары бағаға сатып алған. Мысалы, ақпан айында қалалық №4 емхананың мердігермен жасасасқан келісімшартында АИ-92 маркалы бензиннің бір литірінің құны 231,75 теңге деп көрсетілген. Бұл мекеме аталған бағамен 30 000 литр бензин сатып алып, оған жалпы сомасы 6 952 512 теңге төлеген. Яғни, жанармай үшін шамамен 1,5 миллион теңге артық төлеген», - дейді Нұргүл Әментайқызы.

Мемлекеттік сатып алу сайтын ақтарсаңыз, мұндай мысалдардың бірнешеуін кездестіруге болады. Павлодар облысының білім беру басқармасына қарасты «Ақпараттық технологиялар колледжі» АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 204 теңгеге, Успен ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің халықты жұмыспен қамту орталығы 210 теңгеге, Железин ауданы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» 219 теңгеге, Железин ауданы әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі 220 теңгеге, Жетекші ауылы әкімінің аппараты 228 теңгеге сатып алған.

Бұл ретте, антирекорд Екібастұз қаласы мәслихатының аппаратына тиесілі. Олар бір литр бензин үшін 255 теңгеден жұмсаған. Мердігермен 2 мың литр бензин сатып алуға келісімшарт жасасқан. Оның себебін білу үшін Halyq Uni тілшісі Екібастұз қалалық мәслихатының хатшысы Болат Құспековке хабарласты.

«Біз мемлекеттік сатып алулар сайтына бензин бойынша лотты өткен жылдың 13-ші желтоқсанында жариялады. 22 желтоқсанда баға ұсынысы бойынша жеңімпаз мердігер анықталды. Қатысушылар арасында ең арзан баға – бір литр бензин үшін 255 теңге ұсынған да сол компания. Өкінішке қарай, қаңтарда елімізде болған жағдайлардың салдарынан мемлекеттік сатып алулар сайты дұрыс істемей, келісімшартты кешіктіріп, 17-ші қаңтарда жасастық. Енді артық төленген қаражатты қайтарып ала алмаймыз», - дейді Болат Құспеков.

Ал Павлодар қаласының іргесіндегі Жетекші ауылының әкімі Нұрлыбек Әбдрахманов бензин жеткізуші кәсіпорынға төленген артық қаражатты қайтарып алғанын айтты.

«Былтыр бюджет бекітілгенде жанармайдың ескі бағасы есепке алынған болатын. Сондықтан біз мемлекеттік тапсырысты сол бағамен жариялауға мәжбүр болдық. Бензин жеткізуші - Pegas кәсіпорнымен келісімшарт қаңтар айының соңында жасалды. Бұдан кейін өзара қосымша келісімге отырып, артық ақшаны қазынамызға қайтарып алдық. Яғни, әуелгі баста АИ-92 маркалы бензиннің литірін 228 теңгеден сатып алған болсақ, қосымша келісімнің нәтижесінде оны 182 теңгеге дейін түсірдік», - дейді Нұрлыбек Әбдрахманов.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бұл мәселені Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жеткізген. Ондағылар, өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыс Сқақовқа ресми хат жолдап, мемлекеттік сатып алулар аясында жасалған келісімшарттарға қосымша келісімдер жасап, бензин үшін төленген артық қаражатты қайтару мүмкіндігін қарастыруды сұраған. Әзірге облыс басшысылығы тарапынан тиісті жауап болған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама