Қаржы министрі жоғары жалақы алатын «Барыс» хоккейшілері туралы айтты
Ерұлан Жамаубаев бюджет есебінен танымал ойыншыларды тартуға қаражат бөлу тоқтатылғанын жеткізді
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Барыс» хоккейшілерінің жоғары айлығына қатысты пікір білдіріп, командаларға шетелден жаппай спортшылар тарту дұрыс емес екенін айтты.
Қаржы министрі елімізде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салынғанын айтты.
Біз екі жақты да тыңдауымыз керек. Егер «Барыс» клубында қатардағы ойыншылар ойнайтын болса, онда клубтың керегі де жоқ. Арасында мықты хоккейшілер болуы керек. Бірақ ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек. Атап айтқанда, бюджет есебінен танымал ойыншыларды тартуға қаражат бөлуді тоқтаттық, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Вице-премьер Қазақстанның алға қойған негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамытып, жасөспірімдер арасынан мықты спортшыларды тәрбиелеуге екпін қойылып отырғанын айтты.
Еске сала кетсек, 1999 жылы Астана билігі «Барыс» хоккей клубын құру жөнінде жарғы қабылдаған болатын. Бұл – Қазақстан атынан халықаралық турнирлерде өнер көрсететін ұжым.