Halyq Uni логотип
×

«250 млн теңге қайда кетті?»: Белсенді елордадағы «Шапағат» базарын сатудағы алаяқтықты әшкереледі

Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған базарға иелік еткен

 Айнұр Шошаева 01.02.2023 | 10:23
«250 млн теңге қайда кетті?»: Белсенді елордадағы «Шапағат» базарын сатудағы алаяқтықты әшкереледі
Коллаж: Halyq Uni

Астананың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаладағы «Шапағат» коммуналдық базарын сату кезінде нысанның орналасқан жері мен көлемін азайтып бағалаған. Нәтижесінде базар 250 млн теңге «жеңілдікпен» сатылды. Бұл туралы «Әділдік жолы РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni

«Бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы елордалық «Шапағат» базарын қайтарады ма немесе 250 000 000 теңге қайда кетті? Президент мемлекетке сыртқа шығарылғандарды ғана емес, заңсыз қолды болған активтерді қайтаруды тапсырды. Егер бірінші жағдайда тұтас комиссия жұмыс істесе, екіншісіне «Әділдік жолы» РҚБ көмектеседі. Біз жұмысқа кірісіп жатырмыз, материалдар жеткілікті. Ескі Қазақстанда жемқорлар қалағанын алу үшін лауазымы мен байланыстарын пайдалануды жақсы көрген екен», – деп жазды ол Facebook желісінде. 

Оның сөзінше, елордадағы «Шапағат» базары 2019 жылы 1,3 млрд теңгеге сатылды. Базарды ӘКК арқылы «Көркем-2005» ЖШС сатып алған. Аталған компанияның құрылтайшыларының бірі экс-министрдің қызы Айжан Мұхамеди. Белсенді нысанды сату кезінде ӘКК бірқатар заңбұзушылыққа барғанын айтады. 

«ӘКК бағалауында сауда нарығының ауданы 4795 ш. м. көрсетіледі, дегенмен иеліктен шығару кезінде оның ауданы 5207,2 ш. м. құрады. Яғни ғимараттың 412,2 шаршы метрі есепке алынбады, ал бұл ақшалай өлшемде  (бір шаршы үшін 185 490 тг) 76 475 978 тг. Бұдан бөлек, Жер кодексінің 52-бабының 1-тармағына қарамастан, ӘКК нарық құнына ауданы 92 сотық (0,92 га) жер учаскесінің бағасын қосуды ұмытып кеткен сияқты. Олардың өзі оны  176,5 млн. теңге деп бағалаған болатын. Жалпы айтсақ, ӘКК экс-министр үшін Шапағат коммуналдық нарығының құнын болжам бойынша 250 000 000 теңгеден астам сомаға төмендетіп сатты», – деп қосты ол. 

Бұдан бөлек, «Әділдік жолы» ұйымының жетекшісі базарды сатып алудағы алаяқтыққа тағы бір компания қатысқанын атап өтті. Оның сөзінше,  сауда-саттыққа «Көркем-2005» ЖШС-не бәсекелес ретінде «Бекзат» ЖШС қатысқан. Алайда оның құрылтайшысы және директоры Есенжол Бекішев бір айдан соң «Көркем-2005» ЖШС-нің құрылтайшысы болады.

Айта кетейік, Бекішев алтыншы шақырымдағы Астана қалалық мәслихатының депутаты болғантын. 

«Бұл сөзбайласу емес пе? Қазір прокуратура базарды қайтарып алуға тырысып жатыр. Тіпті, бірінші сотты жеңді. Бірақ Ескі Қазақстан берілетін емес, сондықтан жұртшылық араласуы керек», – деп қосты Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама