Оқытушысы парамен ұсталған ЖОО-да 200-ден аса адамның жалақысы азая бастады
Осы уақытқа дейін 140 мың айлық алып келген адамға небәрі 70 мың теңге түскен
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 200-ден аса жұмысшысы жалақыларының заңсыз қысқартылуына байланысты наразылыққа шықты.
Олар өздерінің уәждерін айтып ректорға кіре алмайтындарын, оған «қолдары жетпейтінін» айтып отыр. Еден жуушы, ұста, қойма жұмысшылары сынды ең аз айлық алатын азаматтар үшін оның өзінің қысқартылатыны төбелерінен жай түскендей әсер еткен. Өйткені олардың айлық жалақылары 20, 40, 50 пайызға дейін қысқарып кеткен. Мысалы, осы уақытқа дейін 140 мың айлық алып келген адамға небәрі 70 мың теңге түскен.
Онсыз да аз айлыққа жұмыс істеп жүрген азаматтар бұл өздерінің құқықтарының өрескел бұзылғандығы деп біледі. Ал оларға мән-жайды түсіндіріп, оқу орны басшылығының бұл әрекеті қаншалықты заң аясында екенін анықтау мақсатында аталған университетке прокуратура өкілдері барған.
Еске сала кетсек, таяуда ғана осы университеттің оқытушысы студенттерден пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын.