Азаматтарды 2 млрд теңгеге алдаған пирамида ұйымдастырушысы сотталды
Оның жақтастары да істі болды
Ақтөбе облыстық соты Home Avto Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушы мен ұйымның Ақтау және Атыраудағы бөлімшелерінің басшыларына қатысты үкім шығарды.
Судьяға жәбірленушілердің тізімі мен сотталғандар оларға төлеуге тиіс шығын көлемін тізіп шығуға бір сағаттай уақыт кетті. Пирамида қызметінен келген шығынның ең аз мөлшері 100 мың теңге болса, 20 миллион, тіпті 40 миллион теңге жоғалтқан жәбірленушілер де болды.
Көптеген жәбірленуші соттан заңда қаржы пирамидасын құру әрі басқару үшін берілетін жазаның ең ауырын тағайындауды сұрады.
Нәтижесінде пирамиданы ұйымдастырушы ақтөбелік 9 жылға, Home Avto Invest компаниясының Ақтау мен Атыраудағы бөлімшелерінің басшылары 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Олар жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сот олардың үшеуін алдағы 7 жыл ішінде коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырды.
Home Avto Invest қаржы пирамидасы 2019 жылғы желтоқсанда құрылып, бірнеше ай жұмыс істеген. Ал 2020 жылғы ақпанға дейін ол 450-ге жуық азаматты алдап үлгерген. Жәбірленушілерге келген шығын шамамен 2 миллиард 215 миллион теңгені құрайды.